Сарапшылар: Қазақстан – Еуразиядағы «орта держава»

Бір мезетте бірнеше бағытта тепе-теңдікті сақтау. Француз сарапшылары Қазақстанның сыртқы саясатын осылай сипаттайды. 

Парижде «Қазақстан – көпполярлы әлем дәуіріндегі еуразиялық орта держава» тақырыбында конференция өтті. Оны геосаясат саласындағы Францияның жетекші сараптама орталықтарының бірі – Халықаралық және стратегиялық қатынастар институты ұйымдастырды. 

Орталық Азия – әлемдік геосаясаттағы жаңа орталықтардың бірі. Француз сарапшылары талқылауды осы тезистен бастады. Профессор Катрин Пужольдің пікірінше, бүгінде Қазақстан өзін транзиттік және цифрлық хаб ретінде танытып отыр. Ал ел арқылы өтетін көлік дәліздері Қытай, Ресей, Еуроодақ, Түркия және Парсы шығанағы елдерімен диалогтағы маңызды тетікке айналды. Париж-Сакле университетінің доценті Адриен Фов Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси байланыстарын «дипломатиялық белсенділік» терминімен сипаттады. Оның айтуынша, Қазақстанмен серіктес елдер арасындағы Мемлекет басшылары деңгейіндегі сапарлар тұрақты түрде артып келеді. Талқыланатын мәселелер ауқымы да кеңейген.

Адриен Фов, Париж-Сакле университетінің доценті:

- Қазақстанның дипломатиялық белсенділігі дегенде, мен елдің жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздердің түрлі форматтарына барған сайын белсенді әрі қарқынды қатысуын айтып отырмын. Өзгеріп жатқан әлемде мұндай белсенділік — өз орныңды айқындаудың, өңірлік және жаһандық деңгейдегі түрлі одақтар мен бастамаларға қатысудың бір жолы. Әртүрлі құрлықтарда, түрлі мәселелер бойынша орта және ірі державалармен бірлесе әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл да дербес сыртқы саясат жүргізудің бір тетігі болуы мүмкін.

Конференцияның жеке бір бөлігі энергетика мәселесіне арналды. Институт зерттеушісі Сами Рамданидің айтуынша, Қазақстан қарқынды энергетикалық   сұраныс пен декарбонизация міндеттері арасында тепе-теңдік іздеуде. Елдің бүгінгі мақсаты – 2030 жылға дейін электр энергиясының 15 пайызын жаңартылатын энергия көздерінен өндіру. Конференцияға студенттер, зерттеушілер мен Орталық Азияға қызығушылық танытқандар қатысты.

Зое Тулуз, студент, конференция қатысушысы:

- Мен халықаралық қатынастар мамандығында оқимын және Орталық Азияға маманданып жүрмін. Сондықтан бұл конференция мен үшін ерекше қызықты болды. Өзім үшін декарбонизация, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасын дамытуға қатысты жаңа тәсілдерді атап өттім. Меніңше, бұл да дипломатияның бір факторы.

Ясмин Оздан, конференция қатысушысы:

- Конференция өте мазмұнды өтті. Қазақстан геосаясатының түрлі қырлары талқыланды. «Орта держава» тұжырымдамасы мен дипломатиялық белсенділікке келсек, «барлық жұмыртқаны бір себетке салмау керек» деген сөз бар ғой. Яғни тәуекелдерді әртараптандырған дұрыс. Меніңше, Қазақстанның бұл бағыттағы саясаты нәтижелі.

Конференция аудиторияның белсенді сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Жиын соңында еліміздің қазіргі ұстанымдары мен алдағы жоспары туралы елші Гүлсара Арыстанқұлова сөз сөйледі. Сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытты сақтауы қазіргі геосаяси сын-қатерлерге жауап беретін ұстанымы деп пайымдады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Сондай-ақ оқыңыз: