Бас прокуратура: Каспий теңізіндегі жағдай бойынша қызметіне салғырт қараған тұлғалар анықталды
Теңізшілердің қазасы бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, оқиға орны тексеріліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды.
Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды. Қазір қызметіне салғырт қараған жауапты тұлғалар анықталды. Олардың қатарында метеорологиялық жағдайларды ескермеген, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бақылау мен қажетті шараларды қамтамасыз етпеген және құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған лауазым иелері бар. Тергеу барлық күдіктінің әрекетіне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды, деп хабарлады Бас прокуратура.