Каспийдегі қайғылы оқиға: әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау қоры ашылды

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау қоры ашылды.

Оған материалдық көмек түрінде заңда белгіленген мемлекеттік төлемдер мен өтемақылар, сондай-ақ бизнес өкілдері мен меценаттар бөлген қаржы жинақталады. Қорға түскен қаражатты бөлу жұмысын аймақ әкімдігі үйлестіреді. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында Ақтаудағы көпбейінді ауруханада жатқан әскери қызметшінің жай-күйі туралы мәселе жеке қаралды. Оның қазіргі жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сарбаздың жанында ата-анасы бар.

Тимур Қыдырниязов, сарбаздың әкесі:

- Баламның жағдайын көрдім, шүкір. Әрине, естіген жағдайда қобалжыдық. Уайымдадық. Кірдік, сөйлестік. Кеше де жағдайы жақсы болды. Бүгін таңертең палатаға ауыстырды. Аман-сау.

Айта кетсек, бүгін Орал әуежайына қаза тапқан әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Гилаждың мәйіті арнайы ұшақпен жеткізілді. Марқұмдармен қоштасу және оларды жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз: