Каспийдегі қайғылы оқиға: кінәлілер қандай жазаға тартылуы мүмкін?
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, сарбаздардың қазасына қатысы бар әскери қызметкерлер Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылады.
Оның бірі – 453-баптың екінші тармағы және 465-бап. Енді осы баптар бойынша кінәлілерге қандай жаза қарастырылғанын айтсақ. 453-бап, екініші тармақ «Тұлғаның қызметке салғырт қарауы» деп аталады және қызметтік міндеттерге немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылады. Мұндай заңбұзушылықтың арты ауыр зардаптарға әкеп соқса, күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Қылмыстық кодекстің 465-бабы «Корабль жүргізу қағидалары» деп аталады. Бұл заңбұзушылық үшін жауапты тұлғалар қызметінен 10 жылға дейін шеттетіледі. Ауыр зардаптарға әкеп соқса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.