ТҮРКСОЙ ұйымы аза тұтып, қазақ халқына көңіл айтты
Анкарада халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде Каспий теңізі жағалауындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды.
Ұйым қызметкерлері бір минут үнсіздік жариялап, марқұмдардың рухына тағзым етті. Қаралы күннің белгісі ретінде ТҮРКСОЙ ғимаратындағы түркі мемлекеттерінің тулары төмен түсірілді. Бұл – бауырлас Қазақстанның қасіретіне ортақтасып, қаза болғандардың рухына құрмет көрсетудің белгісі.
Марат Тағаев, Қырғыз Республикасының ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі:
- Бұл қайғылы оқиғаға байланысты жалпы түркі дүниесінің қабырғасы қайысып отыр. Қазақ халқы – біздің бауырлас халқымыз. Сондықтан олардың қайғысы – бізге де ортақ. Бүкіл түркі әлемінің атынан қаза тапқан азаматтардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамыз.
Салим Езер, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының департамент басшысы:
- Бұл қайғылы оқиғаны терең күйзеліспен қабылдадық. Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. ТҮРКСОЙ ұжымы ретінде бір минут үнсіздікпен еске алдық. Қазақ бауырларымызға амандық тілейміз.