Қазақстан БҰҰ мінберінен бейбітшілік пен дамуға үндеді
Қазақстан үшін ядролық қарусыздану — құрғақ ұран емес, өз тарихынан туған жауапкершілік. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында осылай деп, ядролық қаруы бар мемлекеттерді келіссөзді қайта бастауға шақырды. Министр БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Азия, Африка және Латын Америкасының өкілдігін кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.
Украинадағы қақтығысты келіссөз арқылы шешуге үндеп, Қазақстан мұнайын экспорттайтын инфрақұрылымға жасалған дрон шабуылдарын айыптады. Таяу Шығыста Палестина мен Израиль қатар өмір сүретін бейбіт шешімді қолдап, Қазақстанның Газаны қалпына келтіруге үлес қосуға дайын екенін алға тартты. Сондай-ақ еліміздің Ибрахим келісіміне қосылу ниетін тілге тиек етті.
Министр Ауғанстанмен халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, Алматыдағы БҰҰ орталығын іске қосудың маңызын атап өтті.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму жолындағы еріктілердің халықаралық жылы деп жариялады. Бұл бастама жастардың қоғамдық өмірге және табиғатты қорғау ісіне белсене араласуына серпін берді. Тағы бір өзекті мәселе — су қауіпсіздігі. Су халық денсаулығы, азық-түлік пен энергия қауіпсіздігі, сондай-ақ бейбітшілік үшін қажет. Алайда әлем елдерінің су мәселесіндегі жұмысы әлі де бірізді емес. Сондықтан Қазақстан Президенті БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Ол елдердің іс-қимылын үйлестіріп, қабылданған шешімдердің орындалуына ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Малавимен дипломатиялық қатынас орнатты. Нью-Йоркте екі елдің Сыртқы істер министрлері бірлескен коммюникеге қол қойды. Кездесуде Қазақстаннан бидай жеткізу, ал Малавиден шай, кофе мен макадамия жаңғағын әкелу мүмкіндігі, сондай-ақ тау-кен өндірісі, цифрландыру және білім салаларындағы ынтымақтастық талқыланды. Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше 193 елмен дипломатиялық байланыс орнатты. Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Грузия, Румыния және Ресей Сыртқы істер министрлерімен кездесті. Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлерінің жиынына қатысты.