Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтірді
Теңізде тіршілік жалғасып, балықшылар балық аулап жүр. Қазақстан қалдықты қайта өңдеуді де біледі. Ал құрақ көрпе қолөнер ғана емес, табиғатты аялаудың биік символы іспетті.
Біздің ел Анталияда басталған халықаралық COP31 жиынында өз бастамаларын осылай паш етті.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бір кездері Арал теңізінің құрғаған табанында қалған кемелер экологиялық апаттың ескерткіші іспетті еді. Қазір Солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстары теңізге тіршіліктің қайта оралуына мүмкіндік берді. Бұл – табиғи ресурсты сақтауды көздеген жүйелі шаралардың нәтижесі. Қазақстанның осы тәжірибесі COP31 аясында халықаралық сарапшылардың назарын аударды.
Лиза Кайстнер, халықаралық Қаржы корпорациясының Түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша директоры:
- Бүгін теңізге судың қайта оралғанын, балықтың көбейіп, адамдардың қайтадан балық аулап жүргенін көру – үлкен үміт сыйлайды. Бұл дұрыс басшылық пен жүйелі жұмыстың арқасында экологиялық апаттың зардаптарын азайтуға болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банк тобы үшін де жергілікті халықты жұмыспен қамту және олардың тұрмысын жақсартуға қолдау көрсету маңызды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Экологиялық қауіптің тағы бір көзі – пайдаланылған аккумулятор мен электронды қалдықтар. Қазақстандық кәсіпорын бұларды қайта өңдеп, құрамындағы құнды металды қайта пайдаға жаратуға кіріскен. Алматыдағы First Recycling компаниясы литий-ионды батареядан мыс, алюминий, полипропилен және литий, марганец, кобальт концентратын алады. Өндіріс орны Қазақстан павильонына келушілерге осындай бастамаларын таныстырып, қалдықсыз өнімнің мүмкіндіктерін көрсетті.
Рустамжан Юнусбаев, First Recycling компаниясының директоры:
- Батареялар қазір технологиялық және экономикалық даму үшін өте қажет. Алайда олардың қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін экологиялық қауіп туындайды. Сондықтан біз мұндай қалдықты толық циклмен қайта өңдейміз. Алынған қара масса құрамында литий, марганец, кобальт сияқты маңызды металдар бар. Қытайлық серіктестеріміз оны сатып алып, жаңа батареялар жасайды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жарамсыз өнімге қайта өмір сыйлау Қазақстан павильонында ұлттық қолөнер арқылы көрініс тапқан. Алматыдан арнайы келген тігінші ұлттық кеңістікте мата қиындыларын кәдеге жаратып, олардан құрақ көрпе тігу дәстүрін көрсетіп жатыр. Шетелдік қонақтар да шүберекке өз тілектерін қалдырып, ортақ бастамаға үлес қосты.
Лаура Сейтжаппар, шебер:
- Біздің жасап жатқан жобамыз «Мың тілек, бір көрпе» деп аталады. Яғни конференцияға келген әрбір қонақ өзінің тілегін жазып кетіп, сол сұрақтардан үлкен бір көрпе құрайтын боламыз. Біздегі басты мақсат – конференцияға келген қонақтардың тілегін жинақтап, біртұтас дүниеге айналдыру.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Климат өзгерісінің салдары табиғатпен ғана шектелмейді. Аптап ыстық адам денсаулығына, әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға айтарлықтай қауіп төндіреді. Қазақстан осы мәселені COP31 аясында арнайы панельдік отырысқа шығарып, халықаралық деңгейде талқылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус бұл бастаманың маңызын атап өтті.
Тедрос Аднаном Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
- Климаттың өзгеруі, әсіресе аптап ыстық жүкті әйелдер мен сәбилерге кері әсер етеді. Климат пен денсаулық мәселесі сөз болғанда, көбіне ана мен баланың жағдайы назардан тыс қалады. Алайда олар климат өзгерісінен ең көп зардап шегетін топтардың қатарында. Қазақстанның осы мәселені көтеріп, басқа елдерге үлгі көрсетіп отырғанына қуаныштымын.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазақстанның халықаралық конференцияда таныстырған жобалары экологиялық мәселелерді шешудің түрлі жолын көрсетеді. Ал мұндай бастамалардың нәтижелі болуы халықаралық ынтымақтастық пен ортақ жауапкершілікке тікелей байланысты, әрине.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева