Алматыда дәстүрлі марафон өтті
Бүгін Алматыда дәстүрлі марафон өтті.
15-рет ұйымдастырылған бұқаралық шараға 60-қа жуық елден 1500-ден аса шетелдік желаяқ қатысты. Марафоншылар бірнеше қашықтықта сынға түсті.
Алатау баурайында өткен марафонға биыл 16 мыңға жуық адам тіркелді. Таңмен таласа жүгірген желаяқтар қатарында кәсіби спортшылар мен әуесқой марафоншылар да бар.
Айкерім Пернебек, қала тұрғыны:
- Бұл менің алғашқы марафоным. Бірақ мен өте қуаныштымын, осыған үлгіріп, қатысып осындай үлкен жүгіру мәдениетінің бір бөлігіне айналғаныма. Бұл жүгіру жәй ғана марафон емес, ол әлемдік тенденция әлемдік бір мәдениетке айналған. Жүгіру барысында жанымда француз және ағылшын қыздар жүгірді. Сәл әңгімелестік, олар өзінің марафондарға жылда қатысатынын айтты. Алматыны мақтап жатыр, тамағын ұнатқан екен.
Шетелдік қатысушылардың қатарында Ресей, Қытай, Қырғызтан, Өзбекстан, Германия, Ұлыбритания сияқты тағы басқа елдің азаматтары бар. Жарыс бағдарламасына 10 шақырымға жүгіру, скандинавиялық жүріс, командалық экиден мен жартылай марафон кірген. Ал ең төзімді желаяқтар 42,2 шақырымдық негізгі марафон қашықтығын бағындырды.
Роуэн Уильямс, марафонға қатысушы /Ұлыбритания/:
- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Алматы маған өте жақсы әсер қалдырды. Марафондарға қатты қызығамын. Қазақстан жарысқа қатысу үшін келген сегізінші елім. Бұл жолы өкінішке қарай, Алматыға бір-ақ түнге келіп, бірден қайтамын. Бірақ мұнда турист ретінде қайта келіп, көп уақыт өткізгім келеді.
Самал Оқапова, қала тұрғыны:
- Мен параспортшымын, легкий атлетикадан. Бүгін марафонға бірінші рет қатысып тұрмын. Минус бір гештальт деуге болады. Жиырма шақырымға жүгірдім. Өмірімде бірінші рет күшті эмоция алдым.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шараның отандық туризмге берер пайдасы зор. Оның ішінде Алматы экономикасына қосатын үлесі 15 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық бригадалар мен полиция қызметкерлері штатты режимде жұмыс істеп тұрды.
Бекзат Үшкемпір, Әбен Нарымбаев