Алматы облысында FIA Орталық Азия дрифт кубогы өтті

Алматы облысында FIA Орталық Азия дрифт кубогы өтті. Бұл – Халықаралық автомобиль федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған Орталық Азиядағы алғашқы ресми өңірлік сайыс. Олар үш күн бойы жылдамдық пен шеберлікті сынға салды, деп хабарлайды 24KZ.


Үш күнге созылған жарыста Орталық Азия елдері мен Моңғолияның шабандоздары бақ сынады. Үздіктері ақтық кезеңге жолдама алды. Солардың бірі – Ұлан-Батырдан келген Бильгун Ерхембаяр. Ол небәрі 16 жасында өз елінің чемпионы атанып үлгерген.

Бильгун Ерхембаяр, қатысушы:

- Халықаралық дрифт жарысына алғаш рет қатысып отырмын. Өзіме қатты ұнады, жақсы тәжірибе болды. Қарсыластарым мықты екен. Басында біраз қобалжыдым. Себебі жарысқа кешігіп, іріктеу алдында трассада тыңғылықты жаттығуға уақыт болмады.

Дрифтте төрешілер әр қозғалысты жіті бақылады. Пилоттың траекториясы, дрифт бұрышы, жылдамдығы мен жүргізу мәнері – бәрі ұпайға әсер етеді. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер жұптық жарыста бақ сынады. Мұнда шабандоздардың бірі көш бастап, екіншісі оның ізіне түседі.

Янис Блуш, ұйымдастырушы:

- Трасса өте керемет. Ең жақсылардың бірі дер едім. Мұнда барлық нүктеден жақсы көруге болады, трибуналар да өте ыңғайлы. Әрине, жол оңай емес. Әсіресе соңғы бөлігі сәл қиындау. Алайда бұл пилоттардың шеберлігін бағалауға өте жақсы.

Алматы облысындағы додада жеке және командалық есеп бойынша үздіктер анықталды. Бас жүлде иегеріне 15 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық табысталып, Қытайда өтетін арнайы шараға жолдама беріледі.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай

Сондай-ақ оқыңыз: