Зейнетақы жинағын қайда сақтаған тиімді?
Зейнетке деп жиған қаржыны енді қорда сақтап қана қоймай, инвестицияға айналдырып, өсімін еселеу мүмкіндігі туды, деп хабарлайды 24KZ.
Жетінші қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағын инвестициялық басқарушы компанияларға толықтай сеніп тапсыруға жол ашылды. Яғни енді жылдар бойы жиған ақшаның тізгінін кім ұстайтынын салымшы өзі таңдайды. Алайда қаржыны басқару бір бөлек, оның өсімі мен тәуекелін таразылау екінші бір бөлек дүние.
Назым Кенжебай, тілші:
- Зейнетақы жинағын қайда сақтаған жөн? Қорда жиналған қаражаттың бір бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға аудару қаншалықты тиімді? Сауалымызға жауап алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келдік. Ендеше маманның жауабына құлақ түрелік.
Мұрат Шәріпов, БЖЗҚ басқарушы директоры:
— Жетінші қыркүйекке дейін 50 пайызға деген шектеу болса, ол шектеу алынып тасталды. Қазіргі кезде жекеменшік басқарушы компания қызмет атқарып жатыр. Олардың мемлекеттік агенттілікпен рұқсаты бар, лицензиясы бар. Бұл ақша БЖЗҚ-ның есебінде қала береді. Бұл ақша ешқайда қолданылмайды. Тек қана қазіргі кезде бүкіл түсіп жатқан біздің зейнетақы жарналарымыздың бәрі автоматты түрде ұлттық банктің басқаруыне келіп түседі. Ал енді әр азамат ұлттық банктен келіп түскен қаражатты жекеменшік компанияға аударуға құқылы.
Салымшыларға 3 түрлі портфель қолжетімді. Консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдер. Консервативті портфель салымшылардың барлық санаттарына арналса, Қалыпты портфель зейнеткерлікке шығуға 3 жылдан астам уақыты бар салымшыларға қолжетімді. Ал тәуекелді портфель 13 жылдан астам уақыты бар салымшыларға қарастырылған.
Айдын Дәулетбақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары:
— Активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында қалады. Оларды сақтау мен есепке алуды және қаражаттың нысаналы орналасуын банк костодиан қамтамасыз етеді. Басқарушы компания банкрот болған жағдайда бұл активтер оның мүліктік массасына қосылмайды, яғни бұл зейнетақы жинақтары басқарушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өтеуге бағытталмайтынын және толық көлемде салымшыда сақталатынын білдіреді.
Көлемді қаржыны сақтап, өсімін жүйелі түрде ұлғайту оңай емес. Сондықтан халықтың қарттыққа деп жиған қаржысын басқарғысы келген ұйымның алдымен өз қалтасы қалың, қаржы нарығындағы тәжірибесі мығым болуы шарт. Талап бойынша оның меншікті капиталы кемінде 440 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни 2 млрд теңгеге жуықтауы тиіс. Ал ірі акционерінің 5 млрд теңгеден астам активті басқаруда кемінде 3 жылдық тәжірибесі болуы қажет. Өйткені мұнда таразыға компанияның табысы ғана емес, салымшының келешегі де түседі. Сондықтан талап та қатаң, таңдау да шектеулі.
Назым Кенжебай, тілші:
- Сонымен зейнетақы жинағын инвестициялық компанияға қалай аудару қажет? Ол үшін ең алдымен invest.enpf.kz сайтына кіреміз. Кірген бойда қаражатты сақтауға болатын жеке компаниялардың атауын және пайыздық мөлшерлемелерін көріп, таныса аламыз. Тіпті ИПБ салыстыру деген батырманы басып, әр компанияның қаржыны қандай валютада қалай сақтайтынын көруге болады. Енді өзіңізге ұнаған компанияны таңдаған соң, жеке кабинетіңізге кіріп, қызметтер батырмасын басып, жинақтарды ИПБ-ға аудару деген батырманы таңдай отырып, өз шотыңызды қалаған қаражатыңызды керекті компанияға аудара аласыз.
Мұрат Шәріпов, БЖЗҚ басқарушы директоры:
— Тиімділігі көбінесе жастарға деп бағытталып отыр. Өйткені жас азаматтарымыздың зейнеткерлік жасына дейін 20-30 жыл уақыты бар. Бұл кезде өздерінің зейнетақы жинақтарымен басқаруға және қаржылық сауаттылығын ары қарай дамытуға, біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал зейнеткерлік жасқа 1-2 жыл қалған азаматтарға ол кісілерге мұндай кеңес бермейміз. Өйткені бұл қаражат 1 жыл басқарушы компанияда болуы керек. Содан кейін зейнеткерлік жасқа жақындаған кезде ол қаражат қайтарылады.
Басқарушы компаниялардың салымға қосатын пайыздық мөлшерлемесі әр түрлі. 7-ден 15 пайызға дейін барады. Ал сол көлемді қаржыдан компанияларға 1 жарымнан 7 жарым пайызға дейінгі аралықта үстемақы пайдасын табуға мүмкіндік бар.
Мұрат Шәріпов, БЖЗҚ басқарушы:
— Егер де бұл жекеменшік компанияның жағдайы тұрақты болмай, бір қиындықтарға ұшыраған жағдайда басқарушы Кастодион осы қаражатты ұлттық банктің басқаруына қайтадан қайтаруға міндетті және де бұл қаражат ғимарат сатып алуға немесе басқа бағытқа жұмсауға құқылы емес. Сондықтан оны банк Кастодион қадағалап отырады. Сондықтан бұл жерде ешқандай тәуекел жоқ деп айтуға болады, бірақ қаржы нарығы болғаннан кейін салып отырған құнды қағаздардың бағалары өзгерген кезде қайта бағалау кездерінде әрине, өзгерістер болып тұрады.
Ақжол Дюзикенев, Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің бас сарапшысы:
— Жаңа өзгерістерге сәйкес зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікті республикалық бюджет есебінен өтеу тетігі алынып тасталды. Алайда бұл мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беруден толық бас тартады деген сөз емес. Мемлекеттік кепілдік тетігі Қазақстанда 2003 жылы енгізілген. Енді егер зейнетақы жинағының нақты инвестициялық табысы инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет сол айырманы өтеуге міндеттеледі.
Ұлттық банктегі жинақты аудару міндетті емес. Зейнетақы жинағын инвестициялық басқарушы компания бақылауына беру әр азаматтың өз еншісінде қалмақ.
Авторлары: Назым Кенжебай, Ержан Рахманбердиев