Павлодарда Ертіс өзеніне арналған халықаралық форум өтті
Павлодарда «Ертіс – достық өзені, даму өзені» атты II халықаралық форум өтті.
Жиынға Қазақстан мен Ресей өңірлерінен 150 делегат қатысты. Олардың арасында мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Форумда екі ел арасындағы көлік қатынасын және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары сөз болды, деп хабарлайды 24KZ.
Форум делегаттары алдымен облыстың жетістіктері таныстырылған көрмені тамашалады. Мұнда 40-тан астам ірі кәсіпорын мен 70-ке жуық шағын және орта бизнес өкілі өз өнімдері мен жобаларын ұсынды. Энергетика, металлургия, машина жасау, IT және тау-кен саласының жұмыстары көрсетілді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Біз үшін өзен арқылы жүк тасымалын дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Алайда бұл үшін тұрақты жүк ағынын қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты қазір Омбы және Түмен облыстарымен қандай тауарларды ол жаққа, ал қандай жүктерді бізге тасымалдауға болатынын талқылап жатырмыз. Қазір, ең алдымен, құрылыс материалдарын тасымалдауға нақты қызығушылық бар.
Форумның негізгі бөлігінде Ертістегі кеме қатынасын дамыту, экология, инвестиция және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ресей – облыстың негізгі сауда серіктесі. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,6 миллиард долларды құрады. Биыл алты айда бұл көрсеткіш 720 миллион долларға жетті. Осындай кездесулер екі ел арасындағы байланысты нығайтып, сауда мен ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
Виталий Хоценко, Омбы облысының губернаторы:
- «Ертіс – достық өзені, даму өзені» форумы аясында жылына бір рет кездесіп тұруға шешім қабылдадық. Бұл басқосу біртіндеп дәстүрге айналып келеді. Сондықтан алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімдімін. Өйткені оны екі елдің Президенттері де қолдады. Бұл туралы 25 шілдеде Омбыда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы кездесуде айтылды.
Форум аясында су ресурстарын тиімді пайдаланудың цифрлық құжатын әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар Ертіс өзенін балықтандыруға арналған экологиялық акция ұйымдастырылып, өзенге 1000 бекіре шабағы жіберілді. Павлодар облысында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Былтыр өзенге 88 мың дана бекіре шабағы жіберілсе, биыл тағы 5 мың балықпен толығады.
Форумның негізгі мақсаты – Ертістің географиялық мүмкіндігін өңірлердің дамуына тиімді пайдалану. Өзеннің халықаралық көлік жолы ретіндегі маңызын арттырып, көлік әлеуетін жандандыруға және оның табиғи тепе-теңдігін сақтауға баса мән берілмек.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев