«Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,37 млн адам қатысады
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына 1 млн 374 мың 674 адам қатысуға тіркелген.
Биыл марафон алғаш рет республикалық ауқымда ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірін қамтып отыр. Жобаға ауылдардан бастап ірі қалалардағы оқырмандарға дейін қатыса алады. Марафон аясында қатысушылар алты айда 15 кітап оқып, сайтта пікірлері мен бейнежазбаларын жариялайды. Белсенділігіне қарай ұпай жинап, рейтингке енеді. Наурыздан бастап кітап мазмұны бойынша зияткерлік сайыстар да өтеді.
Бақытжан Тұрлыбеков, «Кітап оқитын ұлт - Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы:
- Наурыз айынан бастап марафон қатысушылары өз өңірлерінде оқыған кітаптарының мазмұны бойынша тест тапсырып, зияткерлік квиздерге қатысады. Осы кезеңдердің қорытындысы бойынша өңірлердегі үздік қатысушылар анықталады. Бірінші орын иегері 600 мың теңге, екінші орын иегері 450 мың теңге, үшінші орын иегері 300 мың көлемінде ақшалай сыйлық алады.