Ел әскерінде реформа болады

Мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау. Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткізген кеңесте осылай деді. Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты қатаң баға берілді. Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы оқиғаға бірінші кезекте офицерлердің, генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, 10 күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс, деп хабарлайды 24KZ.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік өте жоғары, алдағы міндеттер аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз: