Қорғаныс министрі: Әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек
Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек.
Жаңа Қорғаныс министрі басшылық құраммен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Айдос Мырзахметов әрбір үдеріс, әр шешім мен ресурс Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға жұмсалып, әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, деді. Ол Мемлекет басшысының армияны қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша міндеттер жүктеді. Маңыздысы – әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту. Командирлер әскери ұжымдарда моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырып, тәрбие жұмысының сапасына мән беруі тиіс. Сондай-ақ министр оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізуге сәйкес келіп, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі қажеттігін айтты. Ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектронды күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологиялардың заманауи тәсілдерін енгізу – уақыт талабы, деді Қорғаныс министрі.