Қызылорда облысында 45 мың гектар күріш орылды

Бүгінгі күні күрішті жауын-шашынға қалдырмай, уақытылы жинап алу – қызылордалық диқандардың алдындағы басты міндет. 

Биыл Сыр өңірінде 193 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 70 мың гектардан астамы – күріш алқаптары. Биылғы өнімнің болжамы қандай? Қазір егін жинау науқаны қалай жүріп жатыр? 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазір Сыр өңірінде ауа райы қолайлы болып тұр. Сол себепті мамандар мол өнімнен үмітті. Биыл күріш алқабы 11 мың гектарға жуық қысқарды. Егінді шығынсыз жинап алу үшін егін даласында техника да, жұмысшылар да күн-түн демей еңбек етуде. Бұл жұмыстарға 4 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Астық қабылдау орындарында жұмыс қарқынды. Сұрыпталған күріш сақтауға қойылмас бұрын кептіріледі. Бұл дәннің ылғалдылығын төмендетіп, сапасын уақыт созбай сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 45 мың гектардан астам алқаптың өнімі жиналды. Орташа өнімділік әр гектардан 50 центнерден асты. Мұндай жоғары көрсеткішке жаңа технологиялар мен өнімділігі жоғары сорттарды енгізу арқылы қол жеткізілді. 

Асылжан Жарылқасынов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі күні 182 мың тоннадан астам күріш салысы осы қамбаларға құйылды. Облыс бойынша 539 мың тонна құрайтын сыйымдылығы 200-ге жуық сақтау қоймалары жұмыс жасап, осы алдын ала дератизация жұмыстары жүргізіліп, жаңа астықты қабылдауда. Жалпы биылғы жылы біз күріштің егістіктерін, 65 мың гектар күріш егістіктерін лазерлік тегістеуден өткіздік. Лазерлік тегістеу осы күріш егістіктерін тегістеу арқылы судың біркелкі жайылуы арқасында өнімді осындай жоғарылатуға және де су ресурстарының тиімділігін арттыруға, суды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазіргі таңда дәнді және мал азықтық дақылдар, күздік пен жаздық бидай, мақсары толық жиналды. Қазір тек күріш ору науқаны жалғасуда. Өңірде бұл жұмыстарды келесі айдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Әзірге мендегі бар ақпарат осы.  

Сондай-ақ оқыңыз: