Солтүстікте егіс алқаптарының 84% жиналды
Солтүстік өңірдің диқандары егін жинау науқанын жақында аяқтайды. Қазір жұмыс қызу.
Бидайды шашау шығармай орып, қамбаға құйып алу үшін тынымсыз еңбек жүріп жатыр. Астықты аудандар Қызылжар, Тайынша, Есіл мен Аққайыңда егіннің тоқсан пайызға жуығы жиналды. Биыл жазда жауын-шашын мол болып, дәл осы өңірде астық сапасының нашарлай бастағаны туралы айтқан едік. Қазіргі ахуал қалай екен? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Аснурия Абдулла, тілші:
— Өңірде егін жинау науқаны қызып жатыр. Диқандардың айтуынша, екі аптадан бері күн райы қолайлы болып тұр. Сондықтан жиым-терім жұмыстары кедергісіз, жеңіл жүріп жатыр. Біз қазір Петропавлдағы ірі элеваторлардың бірінде тұрмыз. Мұнда астықты үздіксіз қабылдап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, астықты өңірде дәнді және майлы дақылдар, мал азығы, сондай-ақ картоп пен көкөніс өсіріледі. Жылдағыдай, диқандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Алқапқа 6 мыңнан астам комбайн шықты. «Жаңа техникалардың көмегімен егін жинау әлдеқайда оңай бола түсті», — дейді шаруалар. Науқанға 61,5 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді.
Дәурен Тоқужинов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Өңірдегі астық қабылдау орындарына 1 млн 173 мың тонна өнім түсті. Оның 724 мыңы – бидай. Сапасы туралы айтар болсақ, астықтың 60 пайызы 3-сыныпқа жатады. Егіс алқаптарының 84 пайызы орылды. 4 млн 100 мың тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына – 17 центнер. Элеваторлардың 48 пайызы толды.
Екі апта бойы күн райы қолайлы болғанымен, алдағы күндер жаңбырлы болады деп болжанып отыр. Алайда тәжірибелі диқандар: «Өнімді шығынсыз жинап, уақытында үлгереміз», - дейді.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков