Қызылордада есепші өзіне 21,5 млн теңге заңсыз жалақы аударған
Қызылорда облысының Қазалы ауданында балабақша есепшісі өзіне заңсыз түрде жоғары жалақы төлеу арқылы 21,5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды 24KZ.
Прокуратура жүргізген талдау барысында есепшінің төрт жыл ішінде штаттық кестеде белгіленген жалақыдан жоғары мөлшерде өз банктік шоттарына қосымша қаражат аударып келгені анықталған.
Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен көзделген, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қылмыстық іс тергеп-тексеру үшін Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.