Елде жылына 2 мың көлік ұрлығы әшкереленеді

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 31 көлік ұрлығы тіркелді. Барлығының ізі суымай ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, биыл наурыз айында облыс орталығының «Оңтүстік-Батыс» ауданында жеке тұрғын үйлерге ұрлыққа түскен адам оқиға орнында құрықталды. Күдікті үй иелерінің шырт ұйқыда жатқанын пайдаланып, қомақты қаражат салынған сөмкесі мен автокөлік кілтін жымқырды. Көрші үйдің көлікжайына кіріп, дәнекерлеу аппаратын ұрлады. Түн ішінде суыт жүрген бейтаныс адамды байқаған тұрғындар ұрыны ұстап, дереу полиция шақырған.

Әнуар Сәрсембаев, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Қала және облыс бойынша көптеген бейнекамералар бар. Бейнекамералар арқылы біз қылмыскердің қай бағытқа бой тасалап кеткенін анықтаймыз. Ол қылмыстар камералардың арқасында тез арада ашылады. Негізі көбіне 60 пайыздай Ресей көліктері ұрланып отыр. Неге десеңіз, көлік иелерінің өздері есіктерін құлыптамайды. Кілттерін оталдыру саңылауының аузында қалдырып кетеді.

Жалпы елде жыл сайын 2 мыңнан астам темір тұлпардың ұрлығы әшкере болады. Жағдай, әсіресе, еліміздің ірі қалаларында және Алматы облысында күрделі. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда қолды болған көлікті іздеу жеңілдей түскенін айтады. Дегенмен кей жағдайда автокөлік иелерінің бейқамдығы қылмыстың бұл түрін түбегейлі тоқтатуға кедергі болып жатады.

Сондай-ақ оқыңыз: