Мойынты – Қызылжар темір жолы жыл соңына дейін іске қосылады
Президент Германияның «Handelsblatt» баспасында жарияланған мақаласында Еуропаға жолдың мың шақырымға қысқаруы жайында айтты.
Ия, Қазақстан Қытай мен Еуропаны тікелей жалғап қана қойған жоқ, қашықтықты азайтты. Достық шекарасынан шыққан пойыз кедергісіз Мойынтыға жетеді. Бұл қатар жатқан жол. Былтыр ашылды. Яғни қарсы келе жатқан пойыз өз жолымен өтеді. Бұл аралықта қазір жүк тасымалы 5 есе артты.
Енді Мойынтыдан Қызылжар станциясына дейін темір жол түсті.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Мойынты - Қызылжар темір жолымен пойыз жүретін күн жақын. Қазір екі жақтан басталған болат жол Қаражал қаласының тұсында түйісті. Бұл желі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Былтыр іске қосылған Достық-Мойынты желісінің жалғасы.
Жаңа жол Мойынты мен Жарық арасындағы қатынасты жеңілдетеді. Бұрын Мойынтыдан Қызылжарға бару үшін Жарық арқылы 469 шақырым жол жүру керек болса, жаңа жолдың қашықтығы – 323 шақырым. Яғни жүк пойыздары Мойынтыдан Қызылжарға төтелей тартып, 150 шақырымға жуық жол ұтады.
Мойынты - Қызылжар темір жолы
АСТАНА
АЛМАТЫ
ШЫМКЕНТ
ДОСТЫҚ
ҚОСТАНАЙ
СЕКСЕУІЛ
АҚТӨБЕ
АҚТАУ
БЕЙНЕУ
МОЙЫНТЫ
ҚЫЗЫЛЖАР
ЖАРЫҚ
МОЙЫНТЫ – ЖАРЫҚ - 215 КМ
ЖАРЫҚ – ҚЫЗЫЛЖАР - 254 КМ
МОЙЫНТЫ – ҚЫЗЫЛЖАР – 323 КМ
Ерсұлтан Абдырахманов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы:
- Жобаны іске асыру нәтижесінде жүк тасымалының бағыты 149 шақырымға қысқарады. Және Мойынты-Жарық учаскесіне түсетін жүктемені азайтады. Контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдағы артып, жүк және транзиттік тасымалдарды өткізу қабілеті кеңейеді. Бұл дегеніміз Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды буынына айналып, көлік байланысын және жүк қатынасының тиімділігін арттырады.
Жаңа жол Қарағанды мен Ұлытау облыстары арқылы өтеді. Жол бойында 4 станция және 16 разъезд бар. Құрылысқа 2000-ға жуық маман мен 700-ден астам техника тартылды. Осы орайда жергілікті тұрғындар пікірін барынша ескердік дейді маман. Сондықтан көпірлер мен мал өтетін өткелдерді көптеп салуға көңіл бөлінді.
Ерсұлтан Абдырахманов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы:
- Бұл жобада 35 көпір және 20 мал өткелі болады. Әрине, әр облыста қоғамдық тыңдаулар өтіп, халықтың ескерулері қағазға салынды. Қазіргі кезде бекітілген кестеге сәйкес, теміржол желісін пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.
Жалпы жыл санап транзиттік жүк көлемі артып келеді. 2020 жылдан бері Транскаспий көлік дәлізіндегі тасымал 6 есеге жуық өсті. Яғни 800 мың тоннадан 4,5 млн тоннаға жетті. Ал 2030 жылға қарай 10 млн тоннаны еңсеру көзделген.
Транскаспий көлік дәлізі
800 мың тн – ↑4,5 млн тн
Өсім – ↑5,6 есе
2030 жылы – 10 млн тн
Бұл үшін әрине теміржолды жақсарту керек. Қазір Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу жеңілдеді. Мәселен, бұрын 40 күн жол жүретін жүк енді 15 күнде барады.
Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, Мадияр Қындыбаев