Жезқазған тоғыз жол торабына айналады

Қытайдан шыққан жол Достық-Мойынты-Қызылжарға жетсе, одан әрі Жезқазған тұр.

Бұған дейін Жезқазған-Сексеуіл темір жолы салынғаны белгілі. Қытайдан шыққан әлгі жүк немесе жолаушы енді осы жол арқылы тікелей Ақтауға тартады. 

Сөйтіп, Бетпақдаламен шектесіп, тұйықта жатқан Жезқазған да енді тоғыз жолдың торабына айналып келеді. Бұрын өндірісті шаһардан Астана мен Алматыға небәрі екі пойыз қатынайтын. Қазір 6  жолаушылар пойызы мен 20-дан астам жүк пойызы өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Облыстың қайта құрылуы және жаңа логистикалық бағыттардың іске қосылуы Жезқазған станциясының стратегиялық маңызын арттыра түскені рас. Қазір ұлытаулықтар батыстағы Маңғыстау мен теріскейдегі Павлодарға пойызбен жарты тәулікте жетеді. Ғұмырының 40 жылын осы салаға арнаған Вера Сафарова «бұл өңір тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болды» дейді.

Вера Сафарова, теміржол саласының ардагері:

- Жыл санап, біздің қаламен жүретін пойыздар саны артып келеді. Кезінде бұл жерден Қарағанды мен Петропавлға ғана пойыз жүретін. Қазір Қызылордаға, Павлодарға, Балқашқа пойыз жүреді. Жақында Мойынты-Қызылжар желісі ашылады деп күтіп отырмыз. Сол кезде тағы көбеюі мүмкін. Бұл әсіресе студенттерге жақсы болды. Елдің қай қаласына барамын десе де жол бар. 

«Жезқазған-Бейнеу» темір жолы салынғалы өңір халықаралық көлік бағытының бір бөлігіне айналды. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы уақыты айтарлықтай қысқарып, жолаушылар қатары артты. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде өзге өңірлерге темір жолмен қатынайтын жолаушылар саны 2 есеге өсті. Тиісінше оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында инфрақұрылымды дамытуға назар аударылды. Жақында облыста бір күнде 4 теміржол вокзалы күрделі жаңғыртудан кейін қайта ашылды. 

Толқын Темірбекова, Жезқазған теміржол вокзалының бастығы:

- 1941 жылы салынған бұл вокзал. Ол кезде 523 квадрат метр болды. Қазір 2540 квадратқа ұлғайды. Жаңартудан кейін вокзалымыз өте әдемі, биік. Жарық. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы комната салынды. Үш-төрт күнге қалған адамдарға арналған қонақүй салынды. Ана мен балаға арналған ас ішетін бөлмелер бар. Санузелдер орналасқан арнайы. Барлық жағдайлар қазір қалыптасуда.  

Жезқазғанмен қатар Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар станцияларының вокзалдары да толық жаңғыртылып, аймақтық логистикалық желі біртұтас жүйеге келтірілді.  Осы арқылы станциялардың өткізу қабілеті артады әрі болашақта Жезқазған станциясын транзиттік жүк ағындарын бөлетін орталық торапқа айналдыруға мүмкіндік бермек. Себебі қазірдің өзінде бұл жолмен тәулігіне 20-дан астам жүк пойызы өтеді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Сондай-ақ оқыңыз: