Үкімет биылғы бидай бағасын анықтады
Үшінші санаттағы бидай тоннасына 115 мың теңгеге дейін бағаланады. Үкімет 2026 жылғы астықтың сатып алу бағасын анықтап берді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұны қостанайлық шаруаларымен кездесуінде хабарлады. Арқалықта өткен жиында ол бағаның былтырғы деңгейде қалатынын мәлімдеді. Жалпы Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы нарықтағы көрсеткіш ретінде белгіленеді. Осы бағамен астықты форвардтық және тікелей сатып алу тетіктері шаруаларға жасалған қаржылық қолдау саналады. Бұл шаруалардың шығындарды жауып, келесі маусымға дайындалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар астық трейдерлеріне қосылған құны салығы қайтарылады. Мұндай шешім жаңа Салық Кодексіне қатысты жобалық кеңсе отырысында қабылданған. Өткен жылдары астық жөнелтушілердің логистикалық шығындарын субсидиялау отандық астықты өткізу нарығын кеңейтуге жол ашқан еді. Астық экспорттаушыларға арналған осы бір қолдау бағдарламасы тағы бір жылға ұзартылды.