Құрылтай балалар мен жасөспірімдер қауіпсіздігін күшейтуді ұсынды
Құрылтай «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдарға арналған ұсынымдар пакетін әзірледі. Құжат балаларға медициналық көмекті жетілдіруге, әлеуметтік қолдаудың цифрлық тетіктерін дамытуға, балалар еңбегін пайдаланудың алдын алуға және қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Денсаулық сақтау министрлігіне:
Жастар денсаулық орталықтарының жұмыс тәсілдерін қайта қарау;
Барлық мектептер мен колледждерге арналған бірыңғай профилактикалық және білім беру бағдарламасын әзірлеу. Бағдарламаға репродуктивті және психикалық денсаулық, ерте жүктілік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, жеке қауіпсіздік мәселелері кіреді;
Балаларға паллиативтік көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасына басымдық беру;
Балалар ойыншықтарының қауіпсіздігі: психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізудің және цифрлық алаңдарда қауіпсіздік сертификаттарын орналастырудың заңнамалық тетіктерін әзірлеу.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне:
ЖИ және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, түрлі салалардағы ақпараттық жүйелерді біріктіре отырып, баланың бірыңғай цифрлық бағытын қалыптастыруды аяқтау;
Қайыр сұрауға мәжбүрлеу және қанаудың басқа түрлерін қоса алғанда, балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша құқықтық шараларды күшейту.
Қауіпсіздік бағыты бойынша:
ІІМ-ге: жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін ІІМ-нің жедел басқару орталықтарына қосу мониторингін қамтамасыз ету;
Туризм және спорт министрлігіне: спорт объектілері жоқ елді мекендерде шағын жинақты спорт кешендерін құру жоспарларын пысықтау;
ТЖМ-ге: жыл сайын балалардың су жағасында қауіпсіз демалу орындары жоқ елді мекендерді анықтап, жайластыру мерзімдерін белгілеу, сондай-ақ елді мекендерден 5 шақырым радиустағы су айдындарына түгендеу жүргізіп, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын әзірлеу.
Сонымен қатар бірқатар ұсынымдар Мәдениет және ақпарат, Әділет министрліктеріне, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жолданды.