Петропавлда дөрекі такси жүргізушісі 5 жылға елден шығарылды

POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын өрескел бұзып, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды «24KZ». 

Оқиға Петропавл қаласы тұрғынының такси жүргізушісінің дөрекі мінез-құлқына қатысты түскен шағымынан кейін басталған. Тұрғынның өтінішін тексеру барысында тәртіп сақшылары көлік жүргізген 42 жастағы шетелдік азаматтың заңбұзушылыққа жол бергенін анықтады.

Белгілі болғандай, ер адам Қазақстанға келген кезде кіру мақсаты ретінде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметті көрсетпеген. Оның үстіне, бұған дейін де осындай заңбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Тәртіп сақшылары бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық бойынша жинақталған материалдарды әкімшілік сотқа жолдады. Сот шешімімен құқық бұзушыға бір тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, артынша Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығару шарасы қолданылды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері СҚО-да 679 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 633-і көші-қон заңнамасын бұзған. Бүгінгі таңда еліміздің заң талаптарын сақтамаған 45 шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылды.

Сондай-ақ оқыңыз: