Аралда экотуризм жанданады

Арал өңіріндегі бірегей туристік нысандар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енуі мүмкін. Осы бастама аясында Ақеспе ауылындағы емдік бұлақ та арнайы маршрутқа кірді, деп хабарлайды «24KZ».

Мұнда 40 жылдан бері ыстық су тоқтаусыз ағып жатыр. Жуырда бұл мекенге ЮНЕСКО сарапшылары келіп танысты. Егер жоба оң бағаланса, бұлақ басында заманауи инфрақұрылым бой көтермек.

Ақеспе ауылының маңындағы бұлақтан 40 жылдан бері ыстық су тоқтаусыз ағып жатыр. Температурасы қысы-жазы 60 градустан төмендемейді. Мұнда қызықтап немесе ем іздеп келетін туристер көбейген.

Айгүл Бижанова, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Алматыдан, Қазақстанның жер-жерінен, түкпір-түкпірінен адамдар келіп жатыр. Осы жерден емделеміз деп келіп жатыр. 3–4 күн жатып, қуанып, жақсы болып кетіп жатыр. Өзіміз Сексеуілден келіп тұрмыз.

Төребек Бижанов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

-Қазір де шетелден келіп жатқандар бар ғой. Қазір мұнда айдала, сондықтан көп назар аударып жатқан жоқ. Бұл жерге бірдеңе салып, ішіне бассейн қылып, дамытса болар еді, туристер де жиналар еді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Бұл бұлақ 1986 жылы табылған. Ол кезде балықшыларға арнап жер асты суын қазу кезінде күтпеген жерден ыстық су атқылап шығады. Арнайы тексеріс судың да, сол аумақтағы батпақтың да емдік қасиеті жоғары екенін дәлелдеп берді.

2024 жылы Арал өңірінде экотуризмді дамыту мен жергілікті табиғи мұраларды сақтау мақсатында «Арал геопаркі» жобасы қолға алынды. Осы бастама аясында Ақеспедегі ыстық бұлақ, Қамбаш көлі, Шижаға ауылындағы құмды төбелер мен Кіші Арал теңізіндегі Көкарал бөгеті сияқты нысандарды қамтитын арнайы туристік маршрут әзірленді.

Айдос Файзуллаев, Туризм басқармасының бөлім басшысы:

- 2026 жылы мамыр айында және шілде айында ЮНЕСКО-ның негізгі сарапшылары және алдын ала бағалау, негізгі бағалау миссиясы бойынша ЮНЕСКО-дан сарапшылар келіп, өңірдің «Арал геопаркі» жобасымен танысты. Қазіргі таңда «Арал геопаркі» жобасын дүниежүзілік геопарктер желісіне мүшелікке өту бойынша қорытынды баға күтілуде.

Егер жоба оң бағаланып, дүниежүзілік туристік желіге енсе, өңірдегі инфрақұрылым жаңартылып, туристерге заманауи жағдайлар жасалады. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: