Байқоңырды дамытуға 9 млрд теңге бөлінді

Қайтарылған активтер есебінен Байқоңырда 94 шақырым су, 14 шақырым кәріз құбыры ауыстырылады. 

Жалпы қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға 9 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, Қызылорда облысының бірнеше ауылына ауыз су желісі жүргізіліп,   тұрғындар сапалы су тұтына бастады. Шалғайдағы бұл елдімекендердің халқы бұған дейін ауызсуды тасып ішкен еді. Осылайша, қайтарылған қаржы ел иглігіне жұмсалып, өңірдегі барлық ауылға су жетті.  

Тоқабай ауылына тұрғындар ұзақ күткен таза су жетті. Су құбыры әр үйге кіріп тұр. Бұған дейін елді мекен халқы тіршілік нәрін бірнеше шақырым жердегі құдықтан тасып ішті. 

Айымкүл Мырзалиева, ауыл тұрғыны:

- Бұрын осыдан 2-3 километр жерден водовозбен таситын еді. Көп қиыншылықтар көрдік, негізі. Водовоз көбіне бұзылып қалады. Қазір міне, қолымыз жетіп, рахатын көрiп жатырмыз, халқымыз пайдалана бастадық.

Ауылда 190 отбасы тұрады. Былтыр мұнда су тарату стансасы салынып, желі тартылды. Осы жүйе арқылы көршілес елді мекендер де сапалы сумен қамтылды.

Мұқансерік Әлішов, Жіңішкеқұм ауылдық округінің әкімі:

- Бiз арқылы мына көршілес Ерменбетжаға, Қарақұм деген елді мекендерге 4 мыңдай халқы бар елді мекендерге де су барады. Осы жерден Ерменбетжаға 25 шақырымдай жерде, Абай ауылы 60 шақырымдай жерде құмды жерде орналасқан, орталық су желісіне қосылмаған. Енді осы су барғаннан кейін әрбір үйге, әрбір шаңыраққа су кіріп, ол елде де осындай жағдай орын алып жатыр.

Қайтарылған активтер есебінен Жаңақорған ауданындағы екі жарым мыңдай тұрғыны бар екі жаңа шағын ауданға да су тартылды. 800-ге жуық үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Ислам Бектұрғанов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

- 2025 жылы арнаулы мемлекеттік қордан 835,3 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары құрылыс-монтаж жұмыстары толық жүргізіліп, ағымдағы жылы маусым айында жоба толық іске қосылып, пайдалануға берілді. Жалпы қайтарылған активтер қаражатының әлеуметтік маңызы жоғары инфрақұрылым жобаларына бағытталуы – бұл ауыз сумен су бұру жүйелерін дамытуға және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен Байқоңыр қаласының су және кәріз жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа 9 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Осы қаржыға 94 шақырым су, 14 шақырымға жуық кәріз желісі қайта жаңғыртылады. Айта кетейік, өңірдегі барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: