Шымкентте жасөспірімге қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікті ұсталды
Шымкентте кәмелетке толмағандармен байланысты заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
ІІМ мәліметінше, ер адам интернет-мессенджерлер арқылы 10 жастан 12 жасқа дейінгі балалармен байланысқа шығып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған. Олардың сеніміне кіріп, интернетте сөйлесуді жалғастырған.
Анықталған жағдайлардың бірінде ер адам қызбен онлайн ойын арқылы танысып, оның телефон нөмірін сұрап алып, WhatsApp-та хат алмасқан. Түрлі сылтаулармен сөйлесу барысында ол жасөспірімнен интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбаларды жіберуді сұраған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Болған оқиғаның барлық мән-жайы нақтылануда, сондай-ақ ер адамның басқа да осыған ұқсас фактілерге қатысуы тексерілуде.
Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, олардың әлеуметтік желідегі, онлайн ойындардағы және мессенджерлердегі байланысын бақылауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіруге шақырады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз