Алматы–Токио арасында тікелей рейстер қарашадан бастап ұшады
Air Astana Алматы мен Токио арасында тікелей әуе рейстерін іске қосады. Алғашқы рейс Алматыдан 2026 жылғы 30 қарашада, ал Токиодан кері алғашқы рейс 1 желтоқсанда орындалады, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа бағыт бойынша рейстер Токио халықаралық әуежайына (Нарита) аптасына екі рет орындалады. Ұшулар бизнес және эконом-класс салондарымен жабдықталған Airbus A321LR ұшақтарымен жүзеге асырылады.
Үкімет мақұлдаған жағдайда, Алматы–Токио бағытындағы KC171 рейсі дүйсенбі және бейсенбі күндері Алматыдан сағат 21:55-те ұшып, келесі күні 09:25-те Токиоға қонады. Ал Токио–Алматы бағытындағы KC172 рейсі сейсенбі және жұма күндері сағат 10:55-те ұшып, Алматыға 16:20-да жетеді.
Алматыдан Токиоға ұшу ұзақтығы – 7 сағат 30 минут, ал кері бағытта 9 сағат 25 минут.
Air Astana мен Japan Airlines арасындағы серіктестік аясында Алматы мен Токио (Нарита) арасындағы рейстер код-шеринг режимінде де орындалады.
Екі жаққа билет құны барлық алымдарды қоса алғанда, эконом-класта 350 552 теңгеден, бизнес-класта 1 398 918 теңгеден басталады. Билеттерді Air Astana-ның ресми сайтынан, мобильді қосымшасынан және аккредиттелген туристік агенттіктерден брондауға болады.
Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыелдің айтуынша, Жапониямен тікелей әуе қатынасын іске қосу Қазақстанның Орталық Азия мен Кавказдағы көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді. Оның сөзінше, жаңа бағыт Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Жапония азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз келе алады. Ал Қазақстан азаматтарына Жапонияға бару үшін виза қажет.