Қазақстан мұнай өңдеу көлемін арттырады

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын арттырып жатыр. 2033 жылға қарай елдегі кәсіпорындардың жалпы қуатын жылына 39 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Өсімнің негізгі бөлігін жаңадан салынатын ірі мұнай өңдеу және мұнай-химия кешені қамтамасыз етеді. Оның қуаты жылына 10 миллион тонна болады. Қазір құрылыс үшін Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында төрт алаң қарастырылып жатыр. Кешен салынатын өңір жыл соңына дейін таңдалады. Қолданыстағы кәсіпорындар да жаңғыртылып жатыр. Олардың жиынтық қуаты 18 млн-нан шамамен 29 жарым млн тоннаға дейін артады. 

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай жылына 12 млн тоннаға жеткізіледі. Павлодар зауытында бұл көрсеткіш 2031 жылға қарай 9 млн тоннаға шамалайды. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты 2028 жылы 6,7 млн тоннаға дейін артады.

Өндіріс көлемі ұлғайған сайын шикізатқа да сұраныс өседі. Сол себепті Қазақстан мұнай тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтеді. Соның ішінде Қазақстан – Қытай жүйесі мен Кеңқияқ – Атырау және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігі арттырылады. Одан қалды мұнайды терең өңдеу өнімдерінің өндірісі ұлғаюда. Соның ішінде Caspi Bitum зауыты кеңейтілді. Алдағы уақытта Jet A-1 авиациялық керосинін өндіруді жолға қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: