Жамбыл облысындағы Билікөл көлі тартылып барады
Жағалаудан 300 метрге дейін алыстап кетті. Жамбыл облысындағы ең ірі көлдің айналасында қоныс тепкен 6 ауылдың тұрғындары алаңдап отыр. Себебі балық аулап, күн көрген жұрттың табысы кейінгі жылдары азая бастады.
Жамбыл ауданындағы Жаңаөткел ауылы кезінде балық зауытымен танылды. Кеңес дәуірінде Билікөлден ауланған балық өңделіп, республика нарығына шығатын. Ал қазір балық шаруашылығымен небәрі сегіз шаруашылық айналысады. Тұрғындар: «Мұның себебі – көлдің тартылуы», - дейді. Айдынның суы азайғандықтан, мал шаруашылығы да тұралай бастады.
Пердебек Әбу, Жаңаөткел ауылының тұрғыны:
- Қазір арғы жағында қара батпаққа батып жатқан жылқылар, сиырлар бар. Соның салдарынан ауылда малдар өліп жатыр. Одан кейін мына көлдің суы тартылса, онда ауылдағы құдықтың суы да тартылады. Бәрі көлге байланысты.
Сарқытбек Таңатаров, Майтөбе ауылының тұрғыны:
Таза су жоқ. Таза су болмаған соң, балық өліп жатыр. Батпақтан ащы бола ма, жағада жүрген балықтар қалқып өліп жатыр. Су көлге шайылып тұру керек. Қанша жыл болды, 300 метрге кетіп қалды. Көл көз алдымызда құрып, батпақ болып, тартылып бара жатыр.
Мерей Бает, тілші
- Бұрын Билікөлдің жағасы осы маңдағы ауыл шетіне дейін жететін. Ал қазір бұл жерде су болды дегенге сену қиын. Себебі орны құрғап қалың қамыс қаптап кеткен. Жалпы көлдің жағасы дәл осы жерден 300 метрге дейін тартылған.
Салаға жауаптылар: «Аса өзенінің суын көрші ауданға көбірек жіберіп жатыр», - дейді ауылдықтар. Тіпті өзеннің Билікөлге құятын тұсын тас түйін бекітіп тастады деп алаңдайды. Соңғы 2 жылда көлге мүлде су келмеген. Шу-Талас инспекциясының басшылығы тұрғындардың болжамын жоққа шығармады. Аса өзенінің арнасын Ақкөл көліне қарай бұрғандарын растап отыр. Себебі 1300 гектарды суаратын бұл айдын да құрғай бастапты.
Данияр Тойшыбеков, Шу-Талас бассейіндік инспекциясының басшысы:
- Ақкөл көлі техникалық сиымдылығы байланысты 264 млн куб. Өлі көлемі 45 млн куб. Өткенде жаз кезінде 50 млн.ға дейін түсті. Ол кезде суы ағып түсу жағдайы мүлдем тоқтауға барады. Сол себептен біз басым бөлігін Билікөлге 500 лирт болса, ол жаққа 2 куб 1,5 куб ұстап отырдық. Сол жаз кезінде Ақкөл 20 пайызбен тұрды. Ал Билікөл 49 пайызында тұрды. Біз үнемі бақылауға аламыз. Барып тұрамыз. Оның бәрін қадағалап отырмыз.
Жауаптылар соңғы жылдары өзен суының азайып жатқанын айтады. Соған қарамастан алдағы суару маусымына дейін Асаның суын екі көлге бөліп жіберуді жоспарлап отыр. Инспекция басшысының айтуынша, бұл шара Билікөлді толық қалпына келтірмегенімен, көлдегі су деңгейін қалыпты жағдайда ұстап тұруға мүмкіндік береді. «Бастысы – көлді құрғатып, балықты қырып алмасақ», - дейді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә