Түркістан облысында 73 ауылды табиғи газға қосу үшін 12,7 млрд теңге бөлінді

Оның ішінде 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекен биыл жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтылады деп күтілуде. Аймақтағы елді мекендерге газ тарту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында тұрмыз. Мұнда магистральды газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Қазір көше бойлатып, ауылдың ішіне құбыр тартылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше көшеге газ құбыры өткізілді.

Қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы жылға 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Нысан келесі жылға өтпелі. Ауыл тұрғындары көгілдір отынды тағатсыздана күтіп жүр. Себебі жылдар бойы көмір тасып, күл шығарудың машақатынан әбден мезі болған. Алдағы жылы Қарнақ ауылындағы 13 мыңға жуық тұрғын табиғи отынға қосылады деп жоспарлануда.

Днепр Құлметов, Қарнақ ауылының тұрғыны:

– Біздің отбасымызға бір жылда 6 тонна көмір кетеді. Бір тоннасы 30 мың теңгеден болғанда, 180 мың теңге шығады. Бұл қалтаға айтарлықтай ауырлық түсіреді. Ал енді Қарнақ ауылының армандары орындалып жатыр. Көгілдір отын келсе, халқымыздың бейнеті жеңілдеп, көңілі көтеріледі.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Түркістан облысында 2026-2027 жылдары 73 елді мекенге табиғи газ тарту үшін 12,7 млрд теңге қаралды. Оның 1 млрд 838 млн теңгесі республикалық, ал 10 млрд 881 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Бүгінге дейін 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекеннің 20-сы көгілдір отынмен қамтылды. Қалған 14 елді мекен жыл соңына дейін табиғи газға қосылады. Қалған 39 нысанның жұмысы 2027 жылға өтпелі. Қазір менің қасымда облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева тұр. Роза Олжабайқызы, бүгінде облыста газдандыру деңгейі қанша пайызға жетті? Жалпы өңірде 100% табиғи газбен қамтылған аудан-қалалар бар ма?

Роза Сариева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы биылғы жылдың қорытындысымен облыстағы 801 елді мекеннің 640-ы, яғни 80%-ы табиғи газбен қамтылады. Ал халық санына шақсақ, 2 млн 148 мың тұрғынның 1 млн 923 мыңы немесе 90%-ы көгілдір отынға қосылады. Айта кетейік, 2028 жылы өңірдегі елдімекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыз: