Дәрігер мәртебесін заңмен бекіту ұсынылды
Соңғы үш жылда дәрігерлерге қатысты қозғалатын қылмыстық істер саны 4 есе өскен. Бұл мәселе бүгін «Sarap» клубының алаңында өткен медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты кездесуде көтерілді.
Сарапшылардың айтуынша, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заң тиісті нәтиже берген жоқ. Сол себепті ақ халаттылардың еңбек жағдайы мен құқықтарын толық қамтитын жеке құжат қабылдау ұсынылды. Онда медицина қызметкерлерінің жалақысын есептеу механизмі, әлеуметтік кепілдіктер тағайындау және ауылда жұмыс істейтін дәрігерлерге жағдай жасау нормалары қамтылуы тиіс. Сондай-ақ әкімішілік немесе қылмыстық іс қозғалған кезде тәуелсіз сарапшылар мен адвокаттарды тарту мәселесі де заң тұрғысында бекітілгені абзал. Айта кетерлігі, бұл ұсыныстар жауапты министрлікке және «Әділет» партиясының жұмыс тобына жолданады.
Бақытжан Тәжібай, «Aqniet» Денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Еңбек қатынастары бойынша дәрігерлерге қатысты қылмыстық істердің, әкімшілік істердің қозғалуы, жұмыс уақытының нормалары бойынша көптеген дәйексіздіктер бар екенін көреміз. Медицина саласында жұмыс істейтін барлық азаматтардың жағдайы толық жасалмағанын бәріміз мойындаймыз. Жеке-жеке нормалар емес, осының барлығын біртұтас заң ретінде жасау керектігін ұсынып отырмыз.