Ұстазды ұлықтау – өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын қасиет
Мұғалімнен асқан мәртебелі маман жоқ. Барлық жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлт болашағын тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған да осы мамандық иелері, деп хабарлайды 24KZ.
Ұстазды ұлықтау – өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет. Бүгін Ақордадағы алғы сөзінде Мемлекет басшысы осылай деп, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Мұғалімдердің бір парасына мемлекеттік наградалар табыстады.
Солардың арасында Жамбыл облысының тумасы Нұржан Егізбаев бар. Еңбек өтілі ширек ғасырдан асатын педагог қазір Сарыкемер ауылындағы білім ордасында қызмет етеді. Ол балалардың оқуға қызығушылығын арттыру үшін жасанды интеллектіге негізделген өз әдістемесін жасап шығарған.
Нұржан Егізбаев, орыс тілі пәнінің мұғалімі:
- Әрқашан мұғалім алға жүру керек, бір орында тоқтамауы керек. Себебі уақыт бір орында тұрмайды, қазіргі таңда жасанды интеллект деген бар. Біз соған қарап әдістемелерді, ойды өзгертіп, алға жүруіміз керек. Соған байланысты біз де сабағымызды құрастырып, қызықты өткізу керекпіз. Балада қызығушылық болу керек.
Марапатталғандардың арасында көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлмира Тағаева да бар. Түркістан облысы Төле би ауданындағы жалпы білім беру мекемесінде 35 жылдан астам еңбек ететін нәзік жанды шәкіреттері «тапқыр мұғалім» деп атайды. Себебі ол пәніне қатысты құрал-жабдық тапшылығын жою жобасының авторы.
Гүлмира Тағаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Менің авторлық жұмысымның негізгі мақсаты – қолжетімді заттардан, қолданыстан шыққан заттардан бұйымдар жасау, оқушыларға жасату. Бұл жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстар да жасадық. Қазір табиғат анаға шығып қарасаңыз, қолданыстан шыққан қаншама зат жатыр: ыдыс-аяқ, пластик бөтелкелер. Міне, осыларды ала отырып, саз балшықтың, тұзды қамырдың көмегімен, кейде қағаз қиындыларынан, яғни үгілмелі қағаз әдісі арқылы осылардан мүсін жасау, кәдеге жарату.
Еңбек өтілі 40 жылға жуықтаған маңғыстаулық Жібек Бабаева да марапатталғандардың қатарынан көрінді. Оқушылардың мықты іргетасын қалауда жан салмайтын ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүреді. Тек өз білімін шыңдап қоймай, «мектеп тренері» ретінде өзге мұғалімдердің де біліктілігін арттыруға үлес қосып жүр.
Жібек Бабаева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Мемлекет тарапынан мұғалімдердің білімін жетілдіретін курстар болады. Ол курстарға қатысамыз. Өзім мектеп бапкері ретінде аудандағы 25 педагогтің біліктілігін арттыруға үлес қостым. Оларға сабақ бердім, үкімет тарапынан мемлекеттік сертификаттар тапсырылды. Өзім де мұғалімдерді оқыттым, білімдерін жетілдірдік. Енді соңғы кездерге қарасақ, қазір балалар өте ақылды, зерек, дамыған, жасанды интеллектіден хабары бар. Сондықтан біз балалардың тілінде сөйлеуіміз керек.
Технология қанша дамыса да, адамды тұлға ретінде қалыптастыратын – білім. Ал сол білімді мұғалімнен артық ешкім бере алмайды. Қазір елде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Әрбірі – ұлт болашағын қалыптастырып жүрген шамшырақ іспетті десек, артық айтпаймыз.
Авторы: Альмира Оразбай