Шымкентте «жедел жәрдем» онлайн бақылауға алынды
Пациент жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын онлайн бақылай алады. Жаңа жүйе Шымкент қаласында төрт ай бойы пилоттық режимде сынақтан өтіп, тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандардың айтуынша, диспетчерге қоңырау шалу азайған. Көмек күткен науқастар да риза.
Шақырту тіркелген сәттен бастап медициналық бригаданың қозғалысы онлайн бақылауға алынды. Осы мақсатта тұрғындарға SMS-хабарлама арқылы арнайы сілтеме жіберіледі. Бұл жедел жәрдем көлігінің нақты қай жерде келе жатқанын және шамамен қашан жететінін көруге мүмкіндік береді. Әзірге бұл қызмет тек бірінші санаттағы шақыртулар үшін қолжетімді.
Малика Оралбекова, қалалық «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының» шақырту қабылдау фельдшері:
– Жаңа айтып өткендей, бірінші категория – шұғыл шақыртулар. Яғни 10 минутқа дейінгі шақыртулар. Біздің жедел жәрдем 10 минутқа дейін жетуі керек. Ол жол апаты, жол-көлік оқиғасы, есінен тану, тырысулар және асқынумен босану. Осы бірінші санаттағы шақыртуларда халыққа өте тиімді. Планшетпен навигациялық карта арқылы бәрін біліп, көріп отырады.
Жедел жәрдем бригадалары тәулігіне 2 мыңға жуық шақыртуға шығады. Жаңа жүйе қайта түсетін қоңыраулар ағынын азайтып, диспетчерлердің жұмысын едәуір жеңілдетті. Тұрғындар да цифрлық жүйе арқылы көрсетілген қызметтің сапасын бағалай алады.
Ботакөз Жұмабекова, қала тұрғыны:
– Менде бас ауырсыну және тырысулар болды. Бірақ жедел жәрдемге хабарласқан уақыттан бастап маған SMS келді. Сол жүйемен кептелісте тұр ма, бағдаршамда тұр ма соның бәрін бақылап, қарап отырдық. Көріп отырғаннан кейін ашуланбайсың. Қайта хабарласпайсың да және 103-тің де мазасын алмайсың.
Адам өмірін арашалауда әрбір секунд маңызды. Осы мақсатта жедел жәрдем көліктерінің GPS-трекері қаладағы бағдаршамдардың ақылды жүйесіне қосылып, «жасыл дәліз» ашуға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, бұл медициналық қызмет машиналарының уақыт жоғалтпай дер кезінде жетуіне көмектеседі.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:
– GPS трекерлерді біз бірінші данныйын алып, өзіміздің жүйеге енгізіп, оларға арнайы ақылды бағдаршамдар жүйесімен «Жасыл дәліз» ұйымдастырдық. Сол арқылы бүгінгі таңда бірінші санаттағы жедел жәрдем шақыртуларының барлығы 5-10 минутқа дейінгі аралықта жетіп барады.
Жобаны алдағы уақытта барлық шақырту түріне қолдану қарастырылып отыр. Ал бұған дейін медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фельдшерлерге бейнежетондар беріліп, науқаспен қарым-қатынасы және жұмыс сапасы бақылауға алынды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов