Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы 8 жылға сотталды

Фото: depositphotos.com

Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты. Сот үкімімен топ жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды 24KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған топтың 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 млрд теңге қаражат тартқаны анықталды. Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс түсетінін уәде еткен.

Алайда ұйымдастырушылар құрылыс материалдарын өндіретін, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, тауарлар басқа жеткізушілерден сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

2024 жылғы желтоқсаннан бастап, азаматтардың пирамидаға деген сенімі азайған тұста, ұйымдастырушылар автомагазиндердің ашылғаны және дилерлермен ынтымақтастық орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген.

Сот үкімімен топ жетекшісі Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысы 7 жылға сотталды. Ал 13 өңірлік жетекшіге 5 жылға шартты жаза тағайындалды.

Сонымен қатар жалпы құны 5,6 млрд теңге болатын бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге жұмсалады. Қалған мүлік мемлекет кірісіне өтеді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: