Алматы облысында 4 жылда 12 Мәдениет үйі ашылды

Мәдениет саласындағы ілкімді істер аймақтарда жүйелі жүзеге асуда. Алматы облысы қайта құрылған төрт жылда 12 Мәдениет үйі ашылып, 13 нысан күрделі жөндеуден өтті. Қазір үш ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы шалғай ауылдарда тағы 9 мәдениет үйі бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.

Іле аудандық мәдениет үйінің жаңа ғимараты дәулескер күйші, белгілі дирижер, КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында халық игілігіне берілді. Жергілікті өнерпаздар бұған дейін аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Байкент ауылдық мәдениет үйін пайдаланды. Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық жаңа ғимаратқа Нұрғиса Атабайұлының есімі берілді. Қазір онда он шақты үйірме жұмыс істеп тұр.

Қарлығаш Ахметбаева, Н.Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінің директоры:

– Осы мәдениет үйіне көшіп келгелі іс-шараларымыздың ауқымы да, көлемі де өсті, саны да көбейді. Қазіргі уақытта ауданымызда 8 үйірме жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың өнерге деген талпынысы, жақындығы өте белсенді.

Мәдениет үйінде 75 адам еңбек етеді. Мұндағы өнер ұжымдары қазірдің өзінде облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. «Айжан» би ансамблі биыл Бакуде өткен «Арт Фест» фестивалінің супер гран-приі мен бас жүлдесін жеңіп алды.

Айжан Жақсыбаева, «Айжан» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Біздің осы биылғы жылымыз өте қуанышты жыл болды. Өйткені біздің ансамбль үлгілі би ансамблі атағына ие болып, өзіміз республикалық, халықаралық конкурстарға көп қатысамыз, жетістіктеріміз көп. Біз балаларға тек қана би үйретіп қана қоймай, өнерге деген сүйіспеншілігін, сценаға деген махаббатын ашып қана қоймай, балалардың тәрбие жөніндегі жұмыстарымен айналысамыз.

Ерболат Табылғанұлы, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

– Өткен жылы «Арт Фьюжн – 2026» жастар шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық байқаудан «Саз Нұрғиса» ансамбліміз бас жүлде алған болатын. Сонымен қатар Дина Нұрпейісова атындағы аудандық ансамбльдер арасындағы жарыста «Көрермен көзайымы» деген номинацияға ие болдық. Сонымен қатар жеке-жеке шығып жатқан оқушыларымыз да бар. 

Өңірде мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және халықтың мәдени қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2023–2026 жылдар аралығында облыс бойынша 12 жаңа мәдениет нысаны ашылса, келесі жылы Еңбекшіқазақ, Райымбек, Іле, Қарасай аудандарында 9 мәдениет үйінің құрылысы басталады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: