Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға үкім шықты

Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты үкім шықты. Тергеу дерегінше, пирамида қызметінен 90 мыңға жуық адам зардап шеккен, деп хабарлайды 24KZ.

Заңсыз жобаға 25 млрд теңгеге жуық қаражат тартылып, ұйымдастырушылар салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін табыс табу мүмкіндігін уәде еткен. Азаматтарды сендіру үшін олар құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын жүргізу, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыттың іске қосылғаны жайлы жалған мәліметпен жаңылыстырған. Шын мәнінде, өнімдер өзге жеткізушілерден сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған. Ал 2024 жылғы желтоқсаннан бастап азаматтардың пирамидаға деген сенімі азайған тұста, ұйымдастырушылар автомагазиндердің ашылғаны және дилерлермен ынтымақтастық орнатылғаны туралы тағы да жаңсақ ақпарат таратқан. Іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген көрінеді.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Сот үкімімен Туғанбаев есімді азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ 13 өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды. Сонымен қатар жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: