ШҚО-да қысқы маусымға 800 арнайы техника сақадай сай тұр

Шығыс Қазақстан облысында жол қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қар әлі жаумаса да, өңірде ауа райы құбылмалы. Синоптиктер ай соңына қарай аяз күшеюі мүмкін екенін айтады. Қысқы кезеңде облыстағы автожолдарды қалыпты жағдайда ұстау үшін 800 арнайы техника сақадай сай тұр. Қар тазарту, жолға құм-тұз қоспасын себу жұмыстары да, алдын ала жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.

Төр Алтайда қыс 6 айға созылады. Үскірік аяз тұрып, көктайғақ болып, қарлы боран ұйытқығанда әсіресе күре жолмен жүру бірден қиындайды. Мәселен, өткен қыста республикалық маңызы бар жолдарды 56 рет жабуға тура келген./ Сондықтан оның күтіміне жауапты мекеме жұмысшылары қазір күн қабағын бағып, техниканы түгендеп отыр.

«Күн бұзылса, іске кірісуге дайынбыз», – дейді мұндағы мамандар. Жалпы 1230 шақырым республикалық жолды қардан тазалап, көктайғаққа қарсы амалдар жасауға 104 техника жұмылдырылмақ. «Жыл соңына дейін тағы 37 арнайы транспорт сатып алынады», – дейді кәсіпорын өкілдері.

Нияз Садықов, «ҚАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалының директоры:

– Ауа райы қалай болатынын дөп басып айту қиын ғой. Дегенмен қарлы әрі аязды күндер көп болады деп естіп жатырмыз. Біз өз тарапымыздан қандай күн болса да дайынбыз.

Жолға қарайтын мамандардың айтуынша, көбінесе Шемонайха, Риддер, Алтай ауданы бағытындағы жолдар бірінші боп қар астында қалады.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Күре жолдарды көктайғақ басып қалатын күн жақын. «Сондықтан инертті материалдың маңызы зор», – дейді мұндағылар. Мәселен, мына жерде 4 мың текше метрден аса құм үйіліп жатыр. Дәл осы құм жолды мұз басқан кезде қолданылады.

Даладағы жолдан бөлек, қаладағы қатынасты да тоқтатпау керек. Әйтпеген жағдайда қоғамдық көлік кестесінен жаңылып, қозғалыс тұралап қалады. Әзірге Өскеменнің көшелеріне қызмет етуге 97 техника дайындалыпты.

Айбек Қасайынов, «Таза Өскемен» КМК директорының орынбасары:

– Қысқа дайынбыз, қазір ауа райының өзгеруіне байланысты бәрін қарастырып, күнде ауа райын қарап отырмыз. Үш мың текше метр КЗ ішке кіргізілген құрғақтай және мың тонна инертті материал кіргізілді.

Облыстық трассалардың ашық болуы үшін 100-ден астам арнайы көлік қызмет көрсетеді. Жалпы өлкеде әр түрлі маңыздағы автожолдарды қыс бойы бабында ұстау мақсатында 800-ден астам техника жұмылдырылады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: