Қоңырау, хабарлама, аңду: Қазақстанда сталкинг үшін қандай жаза қарастырылған
Қазақстанда адамды қайта-қайта қудалап, келісімінсіз байланыс орнатуға тырысқандар 50 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Сталкинг үшін заңда бірнеше жаза қарастырылған, деп хабарлайды 24KZ.
Сталкингке қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жіберу, кездесуге тырысу, адамның үйіне немесе жұмыс орнына бару, оны күтіп тұру және соңынан аңду жатады. Адам байланыс орнатудан бас тартса да, оның соңынан қалмау қудалау белгісі болуы мүмкін.
Алайда әрбір қоңырау немесе хабарлама өздігінен қылмыс болып саналмайды. Құқықтық баға бергенде әрекеттің сипаты, қаншалықты жиі қайталанғаны, адамның келісімі болмағаны және оған келтірілген зиян ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Бұдан бөлек, сот жәбірленушіні қорғау үшін қосымша шектеулер енгізе алады. Мәселен, Астана қаласында қаралған істердің бірінде сотталушы 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, оған алты ай бойы жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салынған.
Қылмыстық кодекстің 98-3-бабына сәйкес, сот адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілей алады. Істің мән-жайына қарай оған жәбірленушіні іздеуге, қудалауға, үйіне баруға, телефон арқылы сөйлесуге және басқа тәсілдермен байланыс орнатуға тыйым салынуы мүмкін.
Егер адам қайта-қайта қудалауға тап болса, қоңыраулар мен хабарламаларды өшірмей, сақтап қойғаны жөн. Олар құқық қорғау органдарына дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін.
Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі адамның жеке шекарасын қорғауға және қудалаудың алдын алуға бағытталған.