Білім саласындағы ынтымақтастық

Қостанай өңірлік университетінде 4 студент қос диплом бағдарламасымен білім алып жатыр. Бұл жүйе жастарға бір мезгілде екі мемлекеттің жоғары оқу орнының дипломын иеленуге жол ашады. Оның сыртында олардың академиялық көкжиегін кеңейтіп, мансаптық мүмкіндігін арттырады, деп хабарлайды 24KZ.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындары 24 елдің 131 университетімен бірлесіп, қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті АҚШ, Оңтүстік Корея, Литва, Ресей, Қытай мемлекеттеріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Халықаралық бағдарламалар негізінен өңірге қажетті салаларды қамтиды. Атап айтсақ, университет ақпараттық технологиялар, автомобиль өнеркәсібі, машина жасау, есеп және аудит, биология және агрономия бойынша шетелдік оқу орындарымен серіктестік негізде мамандар даярлайды. Әсіресе өңірде машина жасау саласының қарқынды дамуы, Кіа зауытының салынуы автомобиль өндірісінің инженериясы мамандығына сұранысты арттырды.

Эльмира Наурызбаева, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ проректоры:

– Қазіргі күнде 10 бала оқиды, оқып жатыр бұл бағдарламада. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – өңіріміздегі Киа машина жасау заводынан және Оңтүстік Кореяның жаңағы Доний университеті және біздің Ахмет Байтұрсын атындағы университетпен бірігіп, үш жақты жасалынған жаңағы үлкен жоба. Осы қос диплом білім беру бағдарламасының аясында екі елдің, екі серіктес университеттің білім беру бағдарламасын тамамдағаннан кейін біздің білім алушы түлек, яғни осы жерге келіп Киа заводына жұмысқа орналасу керек.

Серіктестік аясында Кореяның Селжон институты Қостанай университеті қабырғасында өз филиалын ашты. Ол жерде корей тілі тегін оқытылады. Осы білім беру бағдарламасына жастар жағы қызығушылық танытып отыр. Арасында мектеп оқушылары да бар. Олар қазірден тіл үйреніп, қос диплом бағдарламасына қатысуға ниетті.

Ділнәз Алпысбаева, студент:

– Қазір Қостанай облысында автокөлік жасау саласы жақсы дамуда. Көлік жасау саласы жақсы дамып жатыр. Қазір Қостанай облысында зауыт салынып жатыр. Қазір Қостанай облысында Кореяның машина шығаратын зауыты салынып жатыр. Сондықтан мен осы мамандықты таңдадым. Инженер мамандығын таңдадым. Екінші курстан кейін біз Кореяда оқитын боламыз.

Халықаралық деңгейде мойындалған екі диплом түлектің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін еселейді. Осы бағдарлама аясында студенттер әдетте алғашқы жылдарды өз еліндегі университетте өткізсе, келесі курстарын серіктес шетелдік оқу орнында жалғастырады. Бұл оларға түрлі білім беру жүйесін көріп, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Осындай әріптестік байланыстың арқасында қазақстандық жоғары орындарының тартымдылығы артып келеді. Шетелден бізге келіп білім алуға ниетті жастар көбейген. Қазір Қостанай өңірлік университетінде әр мемлекеттен келген 100-ден астам студент білім алып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ оқыңыз: