Астаналық оқушы Мұқағали портретін 1500 бөтелке қақпағынан жасады
Астанада алтыншы сынып оқушысы Мирас Төлеген Мұқағали Мақатаевтың портретін 1500 бөтелке қақпағынан жасап шығарды. Ерекше туындыны әзірлеуге екі ай уақыт кеткен, деп хабарлайды 24KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мирас Төлеген – Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның оқушысы. Ол портретті технология пәнінің мұғалімдері Шайдолда Абылғазыұлы және Дінқауым Сейсенбайұлымен бірлесіп жасаған.
Жұмысқа қажетті 1500 бөтелке қақпағын мектеп оқушылары жинаған. Осылайша, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын қарапайым заттар өнер туындысына айналды.
Жоба оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, қалдықтарды қайта пайдалануға және бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді.
Мұқағали Мақатаевтың бейнесін ерекше тәсілмен сомдаған жас өреннің туындысы ұлттық әдебиетке деген құрмет пен шығармашылық ізденістің үлгісі болды.