РФМШ оқушыларының улануы: Министрлік шұғыл шара қабылдады

Денсаулық сақтау минстрлігі

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушылары арасында ішек инфекциясының 48 жағдайы тіркелуіне байланысты шұғыл санитариялық-эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды «24KZ».

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогына тексеру жүргізіп, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және ас дайындау барысында өрескел санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Сондай-ақ қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері табылып, айналымнан алынды.

Инфекцияның нақты көзін анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар мен шайындылар алынып, асхана қызметкерлері толықтай медициналық тексеруден өткізілуде. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеріп, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шаралар енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарылды. Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Байланыста болған адамдар медициналық бақылауда, балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Мәлімет бойынша, барлық 48 науқас ауруханаға жатқызылған, олардың жағдайы тұрақты. Аса қауіпті немесе реанимациялық көмекті қажет етіп жатқан пациенттер жоқ.

Тексеру нәтижелері тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлерді тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Жағдай ведомствоның қатаң бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыз: