«Astana Media Week 2026» форумы басталды
Аstana Media Week 2026 форумының бірінші күні аяқталды. Бүгінгі жиында Euronews, Meta, TikTok компанияларының өкілдері, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің медиа мамандары бас қосты, деп хабарлайды 24KZ.
Форумға Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов та қатысты. Сарапшылар, технологиялық өзгерістер-дің ақпарат кеңістігіне әсерін талқылап, өңірлік медианың халықаралық аудиторияға шығу мүмкіндіктерін саралады.
Форумның алғашқы күні редакциялардың жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілігі талқыланды. Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов жасанды интеллектіні пайдалануда бірыңғай қағидаттар әзірлеуді ұсынды. Ол нейрожелілер көмегімен жасалған контентті таңбалау бастамасын қолдады және болашақта медиа сала біртұтас цифрлық алаңға айналатынын атап өтті.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:
– Болашақта нақты бөлініс болмайды. Біздің тарапынан. Яғни телеарна, интернет, газет. Бір ауқымды цифрлық орта болады. Яғни телеарнаның өзінің стримингтік интернет платформасы болады. Өзінің интернет кеңістікте ақпарат тарату көздері болады. Интернет ресурстар өздерінің стриминг, визуал ақпараттар шығаруға толық мүмкіндігі болады. Сондықтан толық бөлініс болмайды. Кітап оқитын ұлт ретінде газет, журнал, баспаны әрі қарай министрлік қолдап отырады.
Отандық медиа саласы кейінгі екі үш жылда күрт өзгерді. Жасанды интеллекті БАҚ саласына да енді. Панелдік сессияда «Хабар» агенттігінің Басқарма Төрайымы Ләззат Танысбай «AI, IT & MEDIA: жауапкершілік шекарасы» тақырыбында пікір білдірді. «Еуропалық хабар тарату одағы мен BBC-дың соңғы бірлескен зерттеуінде тексерілген ЖИ жауаптарының 45 %-ында ақпараттың дәлдігіне қатысты сәйкессіздіктер болған. Редакцияның артықшылығы, журналистер әрбір ақпаратты тексеру арқылы жасанды интеллектіні ұтады. «Болашақ AI-сервистерге де сапалы ақпарат негіз болуы тиіс», – деді Ләззат Танысбай. Айталық, 10 жыл бұрын елде 2,5 мыңға жуық БАҚ өкілдері тіркелген болса, қазіргі таңда олардың саны 5,5 мыңнан асады. Салыстырмалы түрде 10 жыл бұрын интернет ресусртан алатын ақпарат 50% аспаған. Ал қазір ақпаратты әлеуметтік желілер мен түрлі платформалардан оқитындар көбейді. Алдағы уақытта бұл үдеріс жалғаса береді деген болжам бар. «Сондықтан ең алдымен ЖИ арқылы әртүрлі контент жасайтын редакциялар мен онлайн платформалар медиасауаттылықты арттыруы тиіс», – деді Қанат Ысқақов. Ал шетелдік сарапшылар Қазақстанның медиа саласының жұмысын оң бағалады.
Надия Дерманска, AnewZ телеарнасы бас редакторының орынбасары:
– Орталық Азияға алғашқы сапарым Қазақстаннан басталды. Біздің телеарнадан көп жылдан бері Қазақстан тарихы туралы материалдар шығып, сюжеттер көрсетіліп келеді. Біз Орталық Азия жаңалықтарына үлкен мән береміз. Мен қазақстандық медиа саланың жаңа деңгейге көтерілгенін байқап отырмын. Біріншіден, бұл форумда жаһандық цифрландыру жағдайындағы медиа, журналистердің жұмысын жақсарту, осы аймақтағы жаңалықтарды тарату аясын кеңейту мәселелері талқыланды. Орталық Азия жаңалықтары халықаралық аудиторияда барынша кеңінен таратылуы керек деп есептеймін.
Панельдік сессияларға қатысушылар кейінгі он жылдағы медиа саласындағы өзгерістерді, жасанды интеллектінің журналистикаға әсерін, ақпараттың шынайылығын тексеру және цифрлық трансформация жағдайында аудиторияның сенімін сақтап қалу жолдарын талқылады.
Николас Шрадер, Швейцариядағы Infront Sports & Media AG компаниясының медиақұқықтарды сату жөніндегі директоры:
– Орталық Азия елдері жасанды интеллекттің игілігін көру және оның ықтимал жағымсыз әсерлерін барынша азайту мақсатында бірлескен ортаны қалыптастыруда үйлесімді жұмыс істейді. Мұны осы жерден де көріп отырмын: өңірге әр елден келген өкілдер өзара ынтымақтастықты арттырып, бірлесе еңбек етуге ниетті. Осындай форумдар адамдардың басын қосып, жасанды интеллект саласындағы ортақ мақсаттарды талқылауға және пікір алмасуға жол ашады. Бүгінде Қазақстанның бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз.
Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық аудиторияға таныстыру жолдары ерекше назарға алынды. Мәселен, Әзербайжаннан келген сарапшылар Орталық Азияның ағылшын тіліндегі ақпараты аймақтан тыс жерлерде жиі таралуы керек екенін атап өтті. Шетелдік медиа менеджерлердің пікірінше, Қазақстанның бұл бағытта әлеуеті зор. Форумда біз Euronews телеарнасының Әзірбайжандағы бюро басшысы және коммуникациялар жөніндегі аймақтық басшысы Надира Тюдорды сөзге тарттық. Бұл бюро Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі қызмет пен стратегиялық өзара әрекеттестікті қадағалайды.
Надира Тюдор, Euronews телеарнасының әзербайжандағы бюро және коммуникациялар жөніндегі аймақтық басшысы:
– Форумға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Қазақстандағы медиакеңістікке және біз Euronews арнасында ұсынатын өнімдерді байқап отырамын. Халықаралық БАҚ-қа көз жүгіртсем, Қазақстанның әлемге есігін ашқаны тамаша деп санаймын. Бұл осы елдегі оқиғаларды жаһандық аудиторияға жеткізуге жол ашады. Ашықтық мемлекет үшін де әлемдік аренада өзін көрсетуге тамаша мүмкіндік.
Бұл шара шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиа менеджерлер мен креативті индустрия сарапшылары үшін маңызды диалог алаңы. Биыл форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан өкілдері қатысып жатыр. Медиа апталық аясында түркітілдес елдердің ақпарат министрлерінің кездесуі өтеді. Соның аясында бірқатар халықаралық келісімге қол қойылады деп жоспарланған.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мадияр Қындыбаев