Маңғыстау облысында 54 тұрғын үйдің құрылысы басталды
Маңғыстау облысында бір мезетте 54 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жаңа баспаналар Жаңаөзенде, Бейнеу, Мұнайлы және Қарақия ауданында бой көтереді. Жоба өңірдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге бағытталған «Реновация» бағдарламасы аясында қолға алынды. Мұнайшы ауылындағы құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай да қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа үйлер Жаңаөзенде, Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында, Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылы және Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында салынады. Құрылыс алаңдарына бір уақытта капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй салу жұмыстарын белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Апатты үйде тұрып жатқан жерлестеріміз аз емес, сүріп тастап, орнына басқа ғимарат салып керек», - деп тапсырған. Міне, сол тапсырманың аясында болып жатқан осындай бастама, үйлердің құрылысы басталып жатыр.
Қарақия ауданында 15 көппәтерлі тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Жоспар бойынша осы ауданда бес көпқабатты үй салынады. Бақытжан Қыдырбаев Мұнайшы ауылында құрылысы басталған үш бірдей жаңа баспананың біріне қоныстанатын тұрғынның бірі.
Бақытжан Қыдырбаев, Мұнайшы ауылының тұрғыны:
– Үйдің төңірегіне қарасаңыздар, қандай жағдайда тұрғанын көріп тұрсыздар. Үкіметке рақмет! Осы үйімізді апатты деп танығанына бір-екі жыл болды. Енді, міне, үй салынады деп, халық болып мәз болып жатырмыз.
Облыста 1061 пәтерлік 64 тұрғын үй апатты деп танылған. Тозығы жеткен баспаналарда 260 адам тұрады. Енді бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілмек. Жалпы саны 1012 пәтерлік жаңа үйлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жеке инвестицияға салынады. Соның 38-і жеке, қалғаны көппәтерлі үй. Кәсіпкерлер жұмсаған шығынды мемлекет жеті жылда өтейді. Айта кетерлігі, баспана құрылысының сапалы жүргізілуі жіті бақылауда болады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев