Нан өндірісі: дәннен дастарқанға дейін

Бүгін – Дүниежүзілік нан күні. Қазақтың күнделікті ас мәзірінен айрықша орын алар бұл өнім бүгінде тұтыну көлемі жағынан картоптан кейін екінші орында тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, үш айда елдегі әр азамат орта есеппен 6 келі ас атасын тұтынған. Яғни тәулігіне 100 грамм нан жеген. Дегенмен ас қадірі оның салмағымен өлшенбесе керек. Бір үзім нанның өзінде қаншама маңдай тер мен еселі еңбек жатыр. Дәннен нанға дейінгі өндіріс үдерісін әріптесіміз зерттеп қайтқан еді.

Нан зауытында мереке де, демалыс та жоқ. Өйткені өндіріс бір сәтке де тоқтамайды. Кәсіпорын қызметкерлері күн сайын мыңдаған отбасын ас атасымен қамту үшін бірнеше ауысыммен тәулік бойы дамылсыз еңбек етеді. Мәселен, қазір дайындалып жатқан өнімдер ертең таңғы сағат төртте қала дүкендеріне жөнелтіледі.

Нан пісірудің алғашқы кезеңі қамыр илеуден басталады. Бұл ретте судың сапасы жіті назарда. Қамыр тек тазартылған сумен иленуі тиіс. Сондықтан кәсіпорында бес сатылы сүзгілеу жүйесі іске қосылған.

Диірменнен жеткізілген ұн да бірден өндіріске жіберілмейді. Алдымен арнайы електен өткізіліп, бөгде қоспалар мен металл бөлшектерінен тазартылады. Кейін белгілі бір уақыт сақталып, оттегімен байытылады. Осылайша, қамыр илеуге дайын болған шикізат өндірістік цехқа автоматтандырылған жүйе арқылы жеткізіледі.

Заманауи технологиялар өндіріс үдерісін біршама жеңілдеткенімен, наубайшылардың қатысуынсыз жұмыс өнбейді. Қызметкерлер күніне 12 сағаттан жұмыс істеп, соның нәтижесінде кәсіпорын тәулігіне 10 мыңнан астам бөлке нан пісіреді.

Медет Амангелді, «Ертіс нан» нан өндіру зауытының наубайшысы:

– Негізі менің мамандығым – маркетолог. Басында осы жерге жұмысқа кірдім. Содан кейін ұнай бастады және осы жұмысты алып кете беремін деп ойладым. Осында жұмыс істеп жүрмгеніме екі жылдай болды.

Ашыған қамыр тынған соң пешке салынады. Осылайша, «Денсаулық» наны мектеп оқушыларының, әскери қызметшілердің және ауруханадағы науқастардың дастарқанына жол тартады. Бүгінде нан өндірісі үйреншікті ақ және қара нанмен ғана шектелмейді. Ашытқылы, ашытқысыз, ұйытқы мен сарысу, қарақұмық пен балғын сәбіз қосылған, тіпті глютенсіз түрлері де пісіріледі. Мәселен, бұл кәсіпорынның өзінде нан өнімдерінің 60-тан астам түрі шығарылады.

Мадина Жақыпова, «Ертіс нан» нан өндіру зауытының құрылтайшысы:

– Осы нан заводы күніне 25 тонна нан шығаруға арналған. Қазіргі уақытта 10 тонна нан тоқаштарын шығарамыз, қала дүкендеріне жібереміз, мектептермен жұмыс істейміз, т б асханалармен жұмыс жасаймыз. Осы заводта 60-тан аса нан түрлері шығарылады.

Елімізде сақтау мерзімі қысқа нан және ұннан жасалатын кондитерлік өнім өндіретін 700-ге жуық кәсіпорын іске қосылған. Алайда олардың дені әлі күнге дейін ескірген қондырғыларды кәдеге жарататын көрінеді.

Еркен Наурызбеков, «Атамекен» ҰКП департаментінің директоры:

– Қарағанды облысында, Астана мен Алматы қалаларында жаңадан ірі зауыттар ашылып жатыр, бірақ нан зауыттарының жартысынан астамы Кеңес Одағы кезінде салынған. Олардың жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асты. Сондықтан мұндай кәсіпорындарды жаңғыртуға немесе жаңа өндіріс орындарын салуға мемлекеттік қолдау қажет. Өндіріс әлемдік талаптарға сай болуы тиіс.

Өндіріс көлемімен қатар нанның бағасы да күрмеулі мәселелер қатарында. Мәселен, бұл кәсіпорыннан бір бөлке нан 150 теңгеден шығарылады. Алайда дүкен сөресіне жеткенше оған сауда үстемесі қосылады. Сондықтан өндірушілер өздерінің фирмалық дүкендерін ашса ғана, тұтынушыларға нанды зауыт бағасымен сата алады.

Еркен Наурызбеков, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры:

– Әдетте мұндай нан шығаратын комбинаттар шығынға жұмыс істейді немесе өнімді өзіндік құнымен сатады. Ал табысты жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан мен тоқаштардың есебінен табады. Бірақ әлеуметтік нан міндетті түрде өндірілуі керек.

Отандық нан зауыттары ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Ендігі міндет – өндіріс көлемін ұлғайта отырып, өнім бағасының бәсекеге қабілеттілігін сақтау. Осы мақсатта кәсіпкерлер өндірісті автоматтандыруға, сауда желілерімен ұзақ мерзімді келісімшарттарға отыруға және өнімді жеткізу географиясын кеңейтуге басымдық бермек.

Авторлары: Назым Кенжебай, Роза Сатканова, Болотбек Тоболдиев

Сондай-ақ оқыңыз: