Қазақстанда дәнді дақылдарды өңдейтін алты жаңа кәсіпорын салынады

фото: ЖИ

Қазақстанда 2029 жылға дейін дәнді дақылдарды терең өңдейтін алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа кәсіпорындарда крахмал, глютен, биоэтанол, амин қышқылдары және басқа да өнімдер өндіріледі. Министрдің айтуынша, алғашқы жобалар іске қосылып үлгерді. Биыл Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауыты, ал Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды.

Қазір жаңа өндірістерді қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымын дамыту және жобалық қуатына шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мал шаруашылығын дамыту бағытында да бірқатар жоба қолға алынған. Жалпы қуаты жылына 600 мың тоннадан асатын тауарлы сүт фермаларын салуға арналған 99 жоба қаржыландырылды. Биылдың соңына дейін іске қосылған фермаларды жобалық қуатының 70%-ына жеткізу, ал келесі жылы толық қуатында жұмыс істету жоспарланған.

Сонымен қатар жылына 130 мың бас мал бордақылап, 26 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін алты ет кластерін құру жұмыстары жүріп жатыр.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту үшін агрологистикалық орталықтар желісі дамытылады. Бұдан бөлек, шағын өндірушілердің тауарларын маркетплейстер арқылы сату мүмкіндіктерін арттыру көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз: