Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру тәртібіне өзгеріс енгізілді
Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру кезінде құжаттардан қате анықталса немесе олардың топтамасы толық болмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді түзету үшін бес жұмыс күні беріледі. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 17 қазаннан бастап күшіне енді, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, өтініш пен құжаттарда қателер немесе дәлсіздіктер анықталған жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі уақытша тоқтатылады. Бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.
Азамат анықталған кемшіліктерді бес жұмыс күні ішінде түзетуі керек. Егер белгіленген мерзімде кемшіліктер жойылмаса, өтініш пен құжаттарды қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.
Ал кемшіліктер уақытында түзетілсе, өтініштің қабылданған күні ретінде азаматтың алғаш жүгінген күні есептеледі. Қызмет көрсету мерзімі кемшіліктер жойылған сәттен бастап қайта жалғасады. Қызмет көрсету мерзімін ұзартуға жол берілмейді.
Жекешелендіру қанша уақыт алады?
Коммуналдық тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру туралы шешімді тұрғын үй комиссиясы құжаттар тапсырылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қабылдайды. Оң шешім шығарылған жағдайда жекешелендіру шартын жасасуға бес жұмыс күні беріледі.
Егер тұрғын үй коммуналдық мемлекеттік мекеменің немесе кәсіпорынның балансында болса, оны коммуналдық тұрғын үй қорына өткізу рәсімі қарастырылған. Бұл процесс жекешелендіру туралы шешім қабылданған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Одан кейін жекешелендіру шарты бес жұмыс күні ішінде жасалады.
Ал республикалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру кезінде оны республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру рәсімі жүргізіледі. Бұл кезеңге 30 күнтізбелік күн бөлінеді. Оның ішінде уәкілетті органның шешім қабылдауына 15 күнтізбелік күн, ал беру актісін рәсімдеу мен құқық белгілейтін құжаттарды мемлекеттік тіркеуге тағы 15 күнтізбелік күн қарастырылған. Осыдан кейін жекешелендіру шарты бес жұмыс күні ішінде жасалады.
Қандай құжаттар қажет?
Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш беру үшін мынадай құжаттар талап етіледі:
- жалға алынған тұрғын үйді жекешелендіру туралы өтініш. Оған жалға алушының отбасының кәмелетке толған барлық мүшесі қол қоюы керек;
- тұрғын үйді жалдау шарты немесе ордер;
- қажет болған жағдайда неке қию немесе бұзу, отбасы мүшелерінің қайтыс болуы және балалардың тууы туралы құжаттардың көшірмелері;
- өзге адамдарды отбасы мүшесі деп тану қажет болған жағдайда сот шешімінің көшірмесі;
- заңда көзделген жекелеген санаттарға жататын азаматтар үшін қосымша растайтын құжаттар;
- тұрғын үйді жалдау шарты бойынша берешектің жоқтығын растайтын құжат.
Мемлекеттік органдар тиісті мәліметтерді цифрлық жүйелерден өздері алады. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар құжаттар мен мәліметтерді азаматтан қайта талап етуге жол берілмейді.
Қызмет ақылы ма және қайда жүгінуге болады?
Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру қызметі тегін көрсетіледі. Өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Қызмет көрсету мерзімі, өтініштің мәртебесі және оны алу тәртібі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттен, тиісті мемлекеттік органнан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз