Қауіпсіз авиакарго: жүк қалай тексеріледі?

Қазақстан жолаушы тасымалы ғана емес, авиакаргоны да дамытып жатыр. Яғни жүкті көлік, пойызбен ғана емес, ұшақпен де көптеп таситын болды. Қазіргідей алыс-беріс көбейген уақытта тауардың тез жеткені жөн, деп хабарлайды 24KZ.

Ал тауарды ұшақ тез апарғанмен, әуежай аумағында мұқият тексеріледі. Мұндай жағдай кәсіпкер үшін қосымша шығын, қосымша уақыт. Енді халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, тауарды әуежайға дейін тексеретін ұйымдар құру мәселесі қаралып жатыр.

Елде авиакарго саласы енді ғана қанат жая бастады. Авиациялық хабтар құрылып, компаниялар тауарды ұшақпен жөнелтуге көшті. Дегенмен әуежай аумағында әрбір тауар тексеріледі. Еріккеннен емес, әрине. Қауіпсіздік маңызды. Ал ұзын-сонар кезек болса, тауар қоймаға жіберіледі. Қойма тегін емес. Сондықтан кәсіпкер уақытпен қатар қосымша қаражатын жоғалтуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, салада «белгілі жүк жеткізуші» және «тіркелген агент» ұғымдары бар. Кей елдерде бұлар кеңінен қолданылады. Яғни мемлекеттік орган тарапынан сертификатталған арнайы ұйымдар тауарды әуежайға жеткенге дейін тексерістен өткізіп, буып-түйіп қояды.

Рүстем Қабанбаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің басқарма басшысы:

– Сондай дайын жүкті әуежай аумағында тексермей-ақ бірден әуе кемесіне тиеуге болады. Осы арқылы көп уақыт ұтамыз. Қауіпсіздік те назарда болады. Халықаралық ұйымдардың тәжірибесін зерделеп жатырмыз. Әуежайдағы тексеріс мүлде жойылады деген сөз емес. Оны да дамытамыз. Иісшіл иттерден бастап, сәулелі құрылғыларды қолдануға дейінгі әдістеме пысықталады.

Саладағы тағы бір маңызды мәселе – қақтығыс аймақтарын айналып өту. Қауіпсіз аспан жөніндегі халықаралық консультативтік комитет әуе рейстеріне төнетін қауіп-қатерді бағалау және өзара ақпарат алмасуға жауапты. Біздің ел бұл ұйымға бақылаушы ретінде кіреді. Дәл осы саланы одан әрі дамытып, әріптестікті нығайту үшін ICAO тиісті құжатты жетілдіруге ниетті.

Елдар Мұсатаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің авиациялық инспекторы:

– Air Astana мен SCAT, осы екі компания шетелге жиі ұшып тұрады. Қақтығыс аймақтары олардың маршруттарына кіріп тұрады. Бұл екі компанияның рисктерін бақылау өте жоғары деңгейде. ICAO-ның құжатына терминологияға қатысты және кейбір маңызды анықтамаларға ұсыныстар беріп жатырмыз.

Еуропа мен Азияны жалғап тұрған біздің ел үшін авиакарго мұнаймен тең. Саладағы инфрақұрылым өз тауарымызды жөнелтетін ғана емес, өзге елдердің жүк ұшақтары аялдайтын алаңға айналуы керек. Биыл қаңтар-шілде аралығында отандық әуежайлар арқылы 102 мың тонна жүк өтті. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Енді бұл көрсеткішті жылдан жылға арттыру міндеті тұр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ оқыңыз: