Республика күніне орай елімізде мерекелік іс-шаралар өтеді

фото: depositphotos.com

Республика күніне орай елімізде мәдени-көпшілік іс-шаралар, тарихи-танымдық кездесулер мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ» Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Мерекелік бағдарламада ел тарихы мен мәдени мұраны танытуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға, қоғамда жанашырлық пен қамқорлықты дәріптеуге ерекше көңіл бөлінген.

Мерекелік іс-шаралар 24-25 қазанда да жалғасады. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұйымдар тұрғындар мен қала қонақтары үшін концерттер, театр қойылымдары мен отбасымен қатысуға болатын танымдық бағдарламалар әзірледі.

25 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы еліміздің барлық өңірінде салтанатты түрде көтеріледі. Рәмізге құрмет білдіретін бұл рәсім ұлттық мерекенің мәнін айшықтайды.

24 қазанда елордадағы «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі Республика күніне арналған концерт береді. Сол күні Алматыдағы Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының үлкен залында мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Ал 25 қазанда Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермендерді «Елімнің еркін үні» концертіне шақырады.

Театрсүйер қауымға мерекелік бағдарлама аясында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ақбілек. Түс» спектаклін ұсынады. Қойылым 25 қазанда сахналанады.

Ұлттық мерекенің тарихи мәнін тереңірек түсінгісі келгендер 25 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі тақырыптық экскурсияға қатыса алады. Тәуелсіздік залында өтетін экскурсия Республика күнінің мемлекеттілік тарихындағы орнын таныстыруға арналған.

Балаларға мереке күндері танымдық ойындар да ұсынылады. Алматыдағы М. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры 25 қазанда «Менің Отаным – Қазақстан» интерактивті квестін өткізеді. Танымдық бағдарлама жас көрермендерге туған елі туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Сол күні театрда Республика күніне арналған мерекелік концерт те өтеді.

Республика күнін игі іспен атап өтуге үндейтін «Жанашыр жүрек» жалпыұлттық акциясы 15-25 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде өтеді. Еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары ардагерлерге, балаларға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға нақты көмек көрсетеді. Мереке күндері әлеуметтік мекемелердегі балаларға арналған қайырымдылық концерті де жоспарланған.

Мерекелік іс-шаралар әлеуметтік желілерде де жалғасады. 20-25 қазанда өтетін «Менің Қазақстаным» челленджі аясындағы жарияланымдарда #RepublicDay және #25Қазан хэштегтері қолданылады. Шетелде тұратын қазақстандықтардың бейнеқұттықтаулары да жарияланып, мереке қуанышын алыстағы отандастарымызбен бірге бөлісуге болады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандықтарды ұлттық мерекені бірге атап өтуге, мәдени іс-шаралар мен қайырымдылық бастамаларына белсенді қатысуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз: