Қазақстанда жаңа өндіріс жобаларын бағалау тәртібі өзгереді
Қазақстанда жаңа өндіріс жобаларының қолданыстағы кәсіпорындарға әсерін бағалайтын арнайы әдістеме бекітілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа әдістеме өнеркәсіптік қуаттардың теңгерімін бағалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бағалау нәтижелері инвестициялық преференциялар беру тетіктері мен мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру кезінде ескерілетін болады.
Сонымен қатар отандық өнімдердің үлесін арттыру мақсатында реттелетін сатып алуларда қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтып, дайын өнім шығаруды ынталандыру үшін өнеркәсіптік кластерлерді дамыту моделі әзірленіп жатыр.