Астанада заңсыз онлайн-казино арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналған
Астанада «Nomadgames» және «Sultangames» сайттары арқылы заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдарға қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды 24KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, ойыншылардан ақша жинау үшін төлем ұйымдары, банк терминалдары, электрондық әмияндар мен криптовалюта пайдаланылған. Осы жүйе арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы өткен.
Тергеу деректеріне сәйкес, схемаға банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар онлайн-казиноны төлем жүйелеріне қосуға көмектесіп, тиісті тексерулер жүргізбей келісімшарттар жасаған. Сондай-ақ интернет-терминалдарға төлемнің қандай мақсатта жасалғанын көрсететін арнайы MCC-кодтарын берген.
Заңсыз ойындарға аударылған ақшаның шынайы мақсатын жасыру үшін төлемдер заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызметке қатысты операциялар ретінде көрсетілген.
Қылмыстық жолмен түскен ақшаны заңдастыру үшін күдіктілер бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайдаланылған. Жалған келісімшарт негізінде компанияның есепшотына 10 млрд теңге аударылған. Кейін ақша криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген.
Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталған.
Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ 1,4 млрд теңге сомасындағы криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынған.
Екі күдікті қамауға алынған, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қалған екі күдікті ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат берген.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.